Биыл Ұлы Жеңіске 79 жыл толып отыр. Соңғы мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда қазір Ұлы Отан Соғысының 148 ардагері тұрады. Көзі тірі майдангерлердің екеуі шырайлы Шымкентте өмір сүреді. Соғыс отын көрген отандық жауынгерлердің бірі 99 жасқа таяған - Мұраталы Төлепбергенұлы. Ғасырға жуық ғұмыр кешкен ақсақал әлі тың. Майданда Польша қалалары үшін шайқасқан. Қария Отан үшін от кешіп бейбіт өмірді көру жазбаған батыр жауынгерлердің рухына тағзым етіп, есімдерін ұлықтау керектігін айтады.
Мұраталы Төлепбергенұлы, соғыс ардагері:
-Мен екінші Белорусь майданының Рокоссовский бастаған майдан даласында болдым. Әлі есімде, Перлиберек, Виттенберг пен шағын Висмар дейтін қала бар, ол тарихи қала. Мен сол қаланы азат етуге қатысқан солдаттың бірімін.
Сол сұрапыл жылдары Нина Мосунова радио операторларының тобын басқарды. Батыр қазақстандық нәзік жанды Берлинге дейін жетті. Ардагер жақында өзінің жүз жылдық мерей тойын атап өтті.
Нина Мосунова, соғыс ардагері:
-Соғыс туралы айтқым келмейді. Есіме алсам өзімді қоярға жер таппаймын. Бұндай сұмдық ешқашан қайталанбасын.
Қазақстанда 9-мамыр Жеңіс күні ардагерлер ерекше құрметке бөленеді. Батыр жандар әр уақытта қандай болсын марапатқа лайық. Бейбіт өмір сыйлаған қарт майдангерлерге елдің қайырымды ұрпағының алғысы шексіз.