Астанада қырғыз киносының күндері өтуде

Астанада қырғыз киносының күндері өтіп жатыр. Көрші елдің елордалық киноапталығы «Пейіш. Жұмақ ананаың табанының астында» атты фильмінің көрсетілімімен ашылды. Режиссер Руслан Акунның туындысы жақын адамдар арасындағы махаббаттың қозғаушы күші туралы баяндайды. Оқиғалар желісі бойынша ақыл-ойында ерекшелігі бар Әділ есімді ер азамат анасын киелі Мекке қаласына апаруды армандайды. Айта кетейік, фильм негізінен біздің еліміздің аумағында түсірілген. Оның премьерасы наурыз айының соңында бір мезгілде екі елдің басты шаһарларында өтті. Бауырлас елдің дипломатиялық өкілдігі қырғыз киноөндірісінің үздік туындыларының көрсетілімі Садыр Жапаровтың Астанаға жасайтын алдағы сапары аясында ұйымдастырылғанын атап өтті.

Дастан Дюшекеев, Қазақстандағы Қырғызстанның төтенше және өкілетті елшісі:

-Біздің қарым-қатынасымыз жоғары деңгейде дамып келеді. Қазақстан мен Қырғызстан арасында одақтастық ынтымақ сипаты бар, Сондықтан өзара мәдени-гуманитарлық, сауда-экономикалық, саяси байланысымыз қарқын алуда.  Ең алдымен, тығыз интеграцияның нәтижесінде біздің бауырластық қарым-қатынасымыз бен көршілік достығымыз одан әрі нығаюда.  2022 жылы Президенттің қатысуымен Қырғызстанның Қазақстандағы мәдениет күндерін өтті. Бұл қарым-қатынастың өте үлкен көрсеткішінің белгісі.

Фильмнің таныстырылымында алдағы уақытқа жоспарланған өзге де бірлескен шаралар легі жарияланды. Бұл бауырлас елдердің тарихи сабақтастығының заманауи деңгейде қарқынды дамуының айқын көрінісі. 

Күміс Сейітова, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мәдениет комитетінің төрағасы :

- Сәуір айына түрлі кино шаралары жоспарланған. Наурыздың соңында Алматы қаласында Қырғызстанның кино күндері өтіп, үздік фильмдер көрсетілді. Сәуір айында атақты Манасқа арналған көрменің ашылуына қатысты пысықтау жұмыстары жүріп жатыр. Оның аясында екі елдің ақсақалдары мен шығармашылық зиялы қауымының дөңгелек үстелі өтеді. Сонымен қатар, елдеріміздің өнерпаздарының қатысуымен бірлескен концертөтеді. Сондай-ақ Астанада қырғыз ұлттық қолданбалы өнерінің көрмесі өтеді деп жоспарлануда.