Қазақстан «Жер сағаты» халықаралық акциясын кезекті рет қолдады.
Биыл бұл шара 28 наурызда өтті. Кешкі сағат 20.30-дан 21.30-ға дейін еліміз
бойынша жүздеген ғимарат пен түрлі нысандарда сәулеттік жарықтандыру өшірілді.
Астанада акцияға 50-ден астам ұйым қолдау көрсетті. Жаһандық бастамаға қолдау
ишарасы ретінде Президент резиденциясы - Ақорданың сыртқы жарықтандыруы өшірілді.
Ірі спорт, білім беру және өнеркәсіп нысандары, сондай-ақ Тәуелсіздік сарайы,
Бәйтерек монументінің шамдары сөнді. Қала тұрғындары мен қонақтары, «Жер
амбассадорлары» қозғалысының мүшелері Байтерек монументі маңына жиналды.
Акцияға қатысушылар бұл уақыт аралығы заманауи гаджеттерді пайдаланбай қөзара
жылы қарым-қатынас жасауға тамаша мүмкіндік беретінін атап өтті. Айта кетейік,
Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының бастамасымен өтетін жыл сайынғы «Жер сағаты»
халықаралық экологиялық акциясына Қазақстан биыл 17-ші рет қосылды.
Жания Надыр, «Жер амбассадорлары» жастар экологиялық
қозғалысының белсендісі:
- Мен Қазақстан азаматы ретінде оның экологиясына,
Қазақстанның болашағына алаңдаймын. Сондықтан баршаңызды осы акцияға қатысуға
шақырамын. Бұл біздің болашағымыз үшін аса маңызды. Тұмса табиғатты сақтап, оны
өзімізден кейінгілерге қалдыру міндеттіміз.
Алан Бесен, «Орнықты даму» жер қорының жастар қоғамдық ұйымы төрағасы:
- Жаңа Конституцияда экологияға, қоршаған ортаны қорғауға
баса назар аударылған. Біз «Жер амбассадорлары» қозғалысы ретінде
мемлекетіміздің бұл бағытын барынша қолдаймыз. Біз «Таза Қазақстан»
бағдарламасына да үлес қосып, биыл «Жер сағаты» аясында ағаш отырғызуды
жоспарладық. Қала әкімдігі бізге осы мақсатпен «Жер сағаты» уақыты келгенде
көшет егетін орын ретінде шамамен 10 мектептің аумағын белгіледі.

