Қазақстан Еуразиялық Экономикалық Одақ қызметіне жасанды
интеллектіні енгізуге мүдделі. Естеріңізге сала кетейік, 2026 жылғы 1 қаңтардан
бері Қазақстан одақ органдарында төрағалық етеді. Бұл туралы Шымкент қаласында
өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген отырысында Олжас Бектенов мәлімдеді.
Кедендік әкімшілендіру, логистика, өнеркәсіп және Ауыл шаруашылығы өнеркәсібі
бағыттары басымдыққа ие. Одақ елдерінің көлік-транзиттік әлеуетін толық ашу
мақсатында AI базасында жүк ағындарын үйлестірудің интеграцияланған
платформасын құру ұсынылды. Бұл жеткізу мерзімін қысқартуға, бизнес шығынын
азайтуға және еуразиялық көлік дәліздерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға
мүмкіндік береді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
- Қазақстан өзінің алдына толыққанды цифрлық ел болу жөнінде стратегиялық міндет қойып отыр. Осы мақсатта Орталық Азиядағы ең ірі халықаралық IT-стартаптар технопаркі саналатын Astana Hub компаниясының негізінде заманауи экожүйе қалыптастырды. Білім беруді, ғылыми зерттеулерді және инновациялық жобаларды қолдау бастамасы біріктіретін Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды. Біз ЕАЭО бойынша әріптестермен цифрлық реттеу және экономиканы трансформациялау саласында білім мен тәжірибе алмасуға дайынбыз.
Сонымен қатар, ветеринариялық және фитосанитариялық
бақылаудан өтуді растау процесін электрондық форматқа көшіру ұсынылды. Бұл
өзара саудадағы ашықтықты қамтамасыз етеді. Жаңа нарықтарға шығуға назар
аударылды. Араб әлемі, Оңтүстік-Шығыс Азия және Африка елдері, сондай-ақ
беделді өңірлік бірлестіктермен өзара іс-қимыл перспективалы бағыттар деп
танылды. Жиын қорытындысында 12 құжатқа қол қойылды. Олар интеграцияны дамытуға
және мүше мемлекеттер экономикаларының тұрақтылығын нығайтуға бағытталған.

