Қазақстанда егіс науқанының мониторингі үшін АІ элементтері бар цифрлық
платформа енгізілуде. Оған егін егу барысы туралы деректер жинақтадады. Қазір
бұл отандық әзірлеме пилоттық режимде жұмыс істеп тұр. Болашақта жүйеге жасанды
интеллект элементтері енгізіледі. Үкімет отырысында саланы цифрландыру және
жаңа агротехнологиялық іс-шараларды қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
- Цифрлық құралдар аграрлық өндірістің барлық кезеңінде,
яғни процестерді жоспарлау мен бақылаудан бастап дайын өнімді есепке алу мен
сатуға дейін қолданылуға тиіс. Біз ауыл шаруашылығы өндірісінде цифрлық
шешімдер мен жасанды интеллектіні табысты қолдану мысалдарын бұған дейін де
қараған болатынбыз. Осындай бастамалар мен тәжірибені одан әрі кеңінен тарату
қажет.
Сонымен қатар, Премьер-министр ауыл шаруашылығында су үнемдейтін
технологияларды да белсенді енгізуді тапсырды. Үкімет отырысында көктемгі егіске
кемінде 750 млрд теңге бағыттау жоспары айтылды, бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 5
есе артық. Биыл егіс алқаптарының жалпы аумағы 24 млн гектарға жуық. Оның 12
млн гектардан астамы бидай алқаптары.

