«Ұлттық мүдделерді құрметтеуге негізделген ынтымақтастық – ТМД-ның тұрақты дамуының іргетесі». Самарқандта басталған парламентаралық ассамблея кеңесінің отырысында Сенат спикері Мәулен Әшімбаев осылай деді. Қазақстан ТМД кеңістігіндегі ынтымақтастықтың ұлттық мүддеге сай жалғасқанын қолдайды. Мұндай байланыстың түрі экономиканың өсуі және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға жол ашуға тиіс. Шара барысында еліміздің делагациясы экология мәселесін де көтермек. Аралдың жайы күн тәртібіне шығарылып, тараптардың ұсыныс-пікірі тыңдалады.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Кеңес отырысында ауқымды мәселелер қаралып отыр. Ғылым, білім беру, әлеуметтік саясат, адам құқықтары, мәдениет, туризм және басқа да ынтымақтастықтың өзекті бағыттары бар. Прагматикалық және өзара сенімділік бағытында бірлескен жұмысымызды дәйекті түрде жалғастыру өте маңызды. Біздің елдеріміздің ұлттық мүдделерін өзара құрметтеуге негізделген жан-жақты ынтымақтастық Достастық кеңістігінде ұзақ мерзімді орнықты дамудың іргетасы екені анық.
Жалпы ТМД-ның Парламентаралық ассамблеясы мүше мемлекеттерде жүзеге асатын саяси реформаларды бақылайды. Биыл Қазақстандағы конституциялық референдумға осы ұйым тарапынан байқаушылар қатысты. Алда елімізді тағы бір саяси науқан күтіп тұр. Сенат төрағасы бұл өзгерістер арқылы мемлекеттің эвалюциялық даму жолына түсетінін атап өтті. ТМД-дағы парламенттік құрылым өкілдері 20 қарашада өтетін президенттік сайлауға шақырылды.