Қазақстанның экономикалық әлеуеті Нью-Йоркте таныстырылды

Қазақстанның экономикалық әлеуеті Нью-Йоркте таныстырылды. Онда «Kazakhstan Finance Day» форумы өтті. Жаһандық қаржы нарығының негізгі ойыншылары мен іскерлік әріптестер еліміздің даму динамикасы және өзекті инвестициялық жобаларымен  танысу мүмкіндігіне ие болды. Іс-шара барысында қатысушыларға цифрландыру саласындағы жетістіктер және ұлттық қаржы инфрақұрылымының технологиялануын, қауіпсіздігі мен тиімділігін арттыру жөніндегі алдағы жоспарлар бойынша ақапарат берілді. Шараға жиналғандардың назарын әсіресе еліміздің банк секторындағы қосымшалар аударды. Жалпы форум Уолл Стрит ірі инвесторларын қоса алғанда, екі елдің 450-ден астам сарапшыларын біріктірді.


Мәдина Әбілқасымова, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы:


- Біздің екі ірі қаржы тобымыз бар. Соның бірі – Kaspi.kz. Ол осы жерде америкалық қор биржасында, Nasdaq биржасында листингтелген. Сол себепті де америкалық инвесторлардың үлкен қызығушылығын тудырады. Сонымен қатар, Halyk Bank Лондон қор биржасында листингтелген. Осыған орай қаражат құюшылар елдегі экономикалық жағдайды, сала нарығындағы жағдайды зерттейді. Олар, сондай-ақ халықтық IPO-ға шыққан біздің жетекші компаниялардың акцияларын сатып алуға қызығушылық танытуда. Біз, қазақстан нарығында акциялар мен борышкерлік құралдарды сатып алатын инвесторлар санының артқанын көріп отырмыз.


Брайан Хук, Cerberus Capital Management вице-төрағасы:


- «Kazakhstan Finance Day» алаңына келген көптеген америкалық компаниялар сіздердің елдеріңізбен ынтымақтастыққа мүдделі. Оның ішінде менің компанияым да бар. Бүгінде Қазақстанның жалпы ішкі өнімі рекордтық деңгейде өсуде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылға қарай экономика көрсеткішін екі есеге арттыру міндетін қойғаны бізді ерекше қуантады. Экономикалық еркіндік елдері рейтингінде Қазақстан әлемдік орташа деңгейден жоғары позицияны иеленетінін жақсы білеміз. Америкалық инвесторларды әсіресе заң үстемдігі, салық, болжамды реттеу мәселелері қызықтырады. Бүгінде елдеріңізде осы бағыттарға үлкен көңіл бөлінуде.

Әсел Күшенғалиева