Қазақстан тазы тұқымының иесі деген ресми мәртебеге ие болды. Мұндай шешімді Халықаралық кинология федерациясының Бас комитеті қабылдады. Сондай-ақ қазақ тазысын ит тұқымы ретінде ресми танудың алдын-ала шешімі шықты. Бұл халқымыз жеті қазынаға балаған тұқымды халықаралық деңгейде толық тану, яғни, мойындау алдындағы негізгі әрі соңғы кезең. Еліміз алдағы 10 жыл ішінде иттердің денсаулығын тестілеп, жаңадан туған тазы күшіктерінің статистикасын жүргізеді.
Айта кетейік, нәтижеге қол жеткізу үшін Қазақстан кинологтар одағы Халықаралық федерацияның барлық талаптарын орындады. Ауқымды генетикалық және медициналық зерттеулер жүргізілді.
Бауыржан Серікқали, Қазақстан кинологтары одағының президенті:
– Осы мәселелерді бақылайтын халықаралық комиссия қазақ тазыларының бірегей дербес тұқым екеніне көз жеткізді. Бұл өзге елдердің басқа кинологиялық ұйымдары бұл тұқымды өздеріне бекіте алмайтынын білдіреді. Ол тек Қазақстанға бекітілген. Бұл шын мәнінде біз үшін елеулі оқиға, үлкен жетістік.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2022 жылдан бастап қазақы ит тұқымдарын сақтау, сондай-ақ оларды халықаралық деңгейде таныту мәселесі қолға алынды. Осы уақыт ішінде тиісті заңдарға өзгерістер енгізілді, тазы стандарты бекітілді, ғылыми зерттеулер жасалып, асыл тұқымды иттердің байқаулары мен көрмелер өткізілді.