Біріккен Ұлттар ұйымы Қазақстанға Голан биіктігіндегі миссияға қатысқаны үшін жылына шамамен 5 млн доллар төлем жасайды. Бұл бүгін ел Мәжілісі ратификациялаған Үкімет пен БҰҰ-ның арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қосымша келісіммен көзделген. Жалпы миссияға қатысу үшін қазақстандық персоналды және мүлікті ұсынудың әкімшілік, логистикалық және қаржылық шарттарды белгілейтін негізгі меморандумға былтыр қол қойылған. Құжат бітімгерлік операцияларға өз күштерін беретін барлық елдер үшін ортақ стандарт болып табылады. Келісім Голан жоталарында БҰҰ-ның бөлінуді бақылау жөніндегі күштерінің құрамында қазақстандық әскери қызметшілердің қатысу шарттарын айқындайды. Жалпы, еліміз миссияға халықаралық Ұйым жапқанша дейін атсалысуды жоспарлап отыр. Салалық министрліктіктің дерегінше, Сирия мен Израиль шекарасындағы Голан биіктігінде бүгінде 139 қазақстандық бітімгер қызмет етуде. Олар былтыр наурыздан бері миссияда жүктелген міндеттерді атқаруда.
Шайх-Хасан Жазықбаев, ҚР Қорғаныс Вице-министрі:
- Голан биіктігіндегі миссияның мақсаты Израиль мен Сирия арасындағы татулықты қолдау, сондай-ақ Израиль мен Сирия әскерлерінің бөлінуін бақылау мен қадағалау болып табылады. БҰҰ Қазақстанның аталған миссияға қатысқаны үшін жылына шамамен 5 млн АҚШ долларын құрайтын төлемдер жасайтынын атап өту қажет. Оның ішінде шамамен 2,4 млн АҚШ доллары жеке құрам төлемі. Қалған 2,6 млн АҚШ доллары техниканы, қару-жарақ пен мүлікті жалға алғаны үшін беріледі. Бұл ретте әр бітімгер әскери қызметшіге айына 1448 АҚШ доллар болатын мөлшерлеме бекітілген.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

