Қазақстанның алты бірдей өңірінде топтық су құбырларын
жаңғырту көзделіп отыр. Жалпы гидротехникалық құрылыстарды салу және реконструкциялау
бойынша 12 жоба жүзеге асырылып жатыр. Су ресурстары және ирригация министрлігі
Су шаруашылығы комитетінің төрағасының дерегінше, кешенді, жұмыстар Ақмола,
Алматы, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда және Түркістан облыстарында қолға
алынған. Арсен Жақанбаевтың айтуынша, бұл жобалар инфрақұрылымды жетілдіруге,
суды қауіпсіз шоғырландыруға және тасқын кезеңінде су басу қаупін азайтуға
бағытталған. Сонымен қатар, жыл соңына дейін Түркістан өңіріндегі Қапшағай су
қоймасын қайта жаңарту, сондай-ақ Батыс Қазақстан өлкесіндегі Киров су қоймасын
күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Нәтижесінде жинақталған судың жалпы
көлемі 96 млн текше метрден асады деп күтілуде.
Арсен
Жақанбаев, ҚР Су ресурстары және ирригация
министрлігі
су шаруашылығы комитетінің төрағасы:
- Жалпы, Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді орындау шеңберінде
бүгінде салада ауқымды жаңғыртулар іске асырылуда, оның іс-шаралары еліміздің
барлық өңірлерін қамтиды және 42 су қоймасын салуды, 37 су қоймасын қайта
жаңартуды, сондай-ақ 14,5 мың км суару каналдарын жөндеуді және қайта жаңартуды
көздейді. Әрине, су шаруашылығы комитеті Мемлекет басшысының халықты 100% таза
ауыз сумен қамтамасыз ету қажеттілігі туралы тапсырмасын орындау міндетін
бірінші орынға қояды.

