Қазақстан тауарларының Түркі мемлекеттерінің шекарасынан өтуі жеңілдейді

Қазақстандық өнімдердің Түркі мемлекеттерінің шекарасынан өтуі әлдеқайда жеңілдей түседі. Бүгін Мәжіліс Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің үкіметтері арасындағы тиісті келісімді қабылдады. Аталмыш құжат аясында оңайлатылған кеден дәлізін құру көзделген. Бұл тасымалданатын тауарлар мен көлік құралдарын кедендік бақылаудың тиімділігін арттыру қамы. Яғни, өзара алыс-беріс, барыс-келістің бірқатар машақаты шешілмек. Сауда операторлары заманауи электронды жүйе арқылы шекараны кесетін жүктер жайында алдын-ала ақпарат алмасады. Көлік құралдарына қатысты да ерікті негізде мәліметтер беріледі. Есесіне өздері бірқатар жеңілдіктерге ие болады. Олардың тізіміне заң жобасын Мәжіліске ұсынған Қаржы министрі Мәди Тәкиев тоқталып өтті. Мәселен, құжатта өткізу бекеттерінде кедендік рәсімдеудің басым тәртібі мен жете тексеруді қолданбау және бөлек қатынау жолақтары сынды жеңілдіктер қарастырылған. Келісім күшіне енгеннен кейін елдер жарты жыл бойы жобаны пилоттық режимде жүзеге асырады.

Мәди Тәкиев, ҚР Қаржы министрі:

-Біз осы келісіммен барлық кедендік рәсімдерді біріктіріп, бір жүйеге келтіреміз. Оның аясында қажетті деректермен алмасамыз. Яғни, бұл бізге алдын-ала серіктестерімізден мәліметтер алуға және жасыл дәліз бойынша жүктерді тексерусіз тасымалдауға мүмкіндік береді. Екіжақты келісімдерге өзгерістер енгізудің қажеті жоқ екенін айта кету керек. Тек осы құжат шеңберінде барлығы реттеледі. Егер де ақпараттық жүйелерге қатысты айтар болсақ, ортақ интеграция болмайды. Біз тек қана кедендік тексеру үшін қажет мәліметтермен алмасуды көздеп отырмыз.