Қазақстанның Ғылым қорына венчурлік қордың қызметтері қосылуы мүмкін. Бұл еліміздің зерттеу саласына жеке инвесторларды тартуға және отандық ғылыми жобаларды қаржыландырудың жаңа көздерін табуға жол ашылады деген сөз. Бейінді ведомство басшысы - Саясат Нұрбек осылай мәлімдеді.
Сенат «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы және оған ілеспе құжаттарды бірінші оқылымда қарап, мақұлдады. Министрдің сөзінше, заң қабылданған жағдайда Ғылым қорының өзі зерттеуді қажет ететін тың жобаларға венчурлік қаражат тартуда кепілгер және бірлескен инвестор бола алады. Сондай-ақ жаңа құжат аясында Қазақстан ғылымына жеке капиталын құйған инвесторларға алғаш рет түрлі салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Оларды беру тәртібі Қаржы министрлігімен егжей-тегжейлі талқыланды.
Яғни отандық зерттеу ісінің құқықтық негіздерін жетілдіруді қамтитын заң саланың әлеуеті мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Егер заң қабылданса, инновацияға инвестиция құйып ғылыми-зерттеу институтымен, университетпен бірлескен жоба немесе кәсіпорын құруға ниетті және оның өндірісінің қосылған құн тізбегін 150% жеткізуге септесе аламын деген кез келген жеке компанияға салықтық жеңілдіктер беріледі. Бұл өте тиімді тетік. Халықаралық тәжірибеде жеке компания «Мен инновацияға инвестиция салғым келеді» десе, ол үшін мемлекет тарапынан «супер шегерім» деп аталатын жеңілдіктер қарастырылады. Яғни мұндай инвестициялар үшін салық алынбайды. Осындай механизмді біз бірінші рет енгізіп отырмыз.