Қазақстанда Наурыз жаңаша тойланады

Қазақстандықтар енді Наурыз мейрамын жыл сайын он күн бойы – 14-23 наурыз аралығында тойлай алады. Онкүндік «Наурызнама» деп аталды. 

Еліміздің мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, 14 наурыз «Көрісу күні», 15 наурыз – қайырымдылық күні деп бекітілді. Ол мейірім мен тату көршілікке арналады.

16 наурыз күні қазақстандықтар «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күнін» атап өтеді. Бұл күні қазақ халқының мәдениеті, өнері мен ұлттық құндылықтары насихатталмақ.

Ал, 17 наурыз «Шаңырақ күні» болып белгіленді. Осы күні отбасылық құндылықтарды дәріптеген, өнегелі ұрпақ тәрбиелеген үлгілі отбасыларға арналған мәдени іс-шаралар өтеді.

18 наурыз Ұлттық киімдерге арналды. Еліміздің барлық өңірінде ұлттық киімдерді насихаттауға бағытталған түрлі іс-шара өткізілмек.

19 наурыз – Жаңару күнінде, әдетте көктемгі ағаш егу дәстүрі жалғасады.

20 наурыз – Ұлттық спорт күнінде бірқатар жарыстар ұйымдастырылады.

21 наурыз – Ынтымақ күні деп жарияланды.

22 наурыз – Жыл басы. Бұл күні еліміздің барлық өңірінде жалпыхалықтық мәдени-спорттық іс-шаралар өткізіліп, стильді этноауылдар мен түрлі жәрмеңке ұйымдастырылады.

Ал, соңғы күні – 23 наурызда жалпымемлекеттік экологиялық акция жүргізілмек.