Қазақстан тарихын танудың жаңа мүмкіндігі. Мысалы, Атырауда кез келген адам Сарайшық қалашығы мен мұражай-қорығы, Хиуаз Доспанова, Жұмекен Нәжімеденов және Дина Нұрпейісованың ескерткіштері туралы QR-кодтар арқылы біле алады. Айта кетейік, өңірдің мәдени мұрасын цифрландыру жобасына жергілікті бюджеттен 15 млн теңгеге жұмсалды. Қазір облыста республикалық маңызы бар 4 және жергілікті деңгейдегі 300-ден астам тарихи-мәдени ескерткіш бар.
Әлима Рамазанова, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының бөлім басшысы:
- Бес тілде ақпарат ала алады. Яғни қазақша, орысша, ағылшынша, түрікше және қытай тілдерінде. Бұл ақпаратты оқу және аудиожазба тыңдау арқылы және 3D тур жүргізу арқылы ақпараттар беріледі. Бұл басқа облыстардан, шетелден келген туристерге өте ыңғайлы жоба.
Ал Павлодарда белгілі ақын-жазушылардың, қоғам қайраткерлерінің әдеби мұрасы барынша насихатталуда. Белгілі тарихи тұлғалар жайлы ақпарат аялдамаларға орналастырылған. Жалпы, мұндай шағын мұражайларды 40-тан астам осы сынды жерлерде ұйымдастыру көзделген. Жоба авторлары осылайша қала тұрғындарын Қазақстан тарихына елеулі үлес қосқан біртуар тұлғалардың тағлымды өмірі және шығармашылығымен етенге таныстыруды місе тұтқан.
Медет Тауасқан, Облыстық мәдениет және тілдерді дамыту, архив істері басқармасы басшысының м.а:
- Бұл жердегі ең керемет дүние, кез келген тұрғын аялдамада автобусты күте тұра осы елге, осы далаға қызмет еткен, осы дала үшін өздерінің барын салған азаматтарды тани түседі.