Медиа серіктестік аясында қытайлық CMG арнасы әзірлеген фильмдер Орталық
Азия елдерінің телеарналарынан көрсетіледі. Астанада аспан асты елінің 10 кино
туындысы таныстырылды. Олар негізінен Қытай тарихы мен бүгінгі заманауи
келбетін танытатын деректі фильмдер. Сондай-ақ, балаларға анимациялық туындылар
ұсынылды. Қытай медиа корпорациясының өнімдері өңір елдерінің мемлекеттік
тілдеріне аударылып, ұлттық арналардан көрсетіледі. Жоба «Мәдени
байланыстар-2025» бағдарламасы аясында қолға алынған.
Пинь Ван, Қытай медиа корпорациясы Еуразиялық бюросының директоры:
- Мен өзім Қытай азаматы ретінде осы фильмдерді көрген кезде туған елім жайлы
бұрын білмеген жаңа мәліметтер алдым. Сондықтан Орталық Азия елдерінің
көрермендері үшін қызықты болады деп ойлаймын. Біз Қытай халқының өткені мен
бүгінгі тыныс-тіршілігі және болашаққа деген жоспарын қамтитын кинотуындыларды
алып келдік. Бұл бір-бірімізді жақсы танып-білуге көмектеседі.

