Қазақстандық шебер ежелгі кесте тоқу өнерін жаңғыртты

Қазақстандық шебер ежелгі кесте тоқу өнерін жаңғыртты

Алматыда Орта Азиядағы тұңғыш кестеші ер адам тұрады. Суретші Зейнелхан Мұхамеджан ілмек пен жіптің көмегімен бірегей туындылар жасайды. Осылайша ол көшпелі қолөнершілердің ұмытылған технологиясын заманауи көркем өнермен ұштастыра отырып дәріптеп жүр. 

Суретшінің шеберханасында қылқалам мен бояудың орнына қармақ біз бен түрлі-түсті жіптер тізіліп тұр. Зейнелхан Мұхамеджан ұлттық ою-өрнектерге графика элементтерін араластырып бірегей туындылар жасап жүрген шебер. Өз туындыларында ол қазақ халқының тарихын бейнелейді. Осы уақытқа дейін шебер 300-ге жуық кесте тоқып, 20-ға жуық жеке көрмесін өткізген. Жұмыстарының сюжеті қайталанбайды. Кейіпкерлері де сан түрлі. Мәселен, «Дүрбелең», «Хан Тәңірі», «Ұлы дала» сынды картиналар жеке галереясындағы бірегей туындылар. 

Зейнелхан Мұхамеджан, кестеші: 

– Үлкен жұмыстар 6-7 ай, тіпті 1 жылға дейін созылады. Қазақтың кесте өнеріндегі ең қиыны, ең күрделісі – орындау уақыты. Уақыт көп кетеді. Енді осыған шыдам керек.  

Әсел Әбілқай, кестеші: 

– Ағайдың әртүрлі тәсілдері бар. Мысалы, тізбекті тігіс дейді ғой, оны ағай ізденіс нәтижесінде меңгерген. Түрлі фактура берген. Шәкірттеріме де осы тәсілдерді үйретіп жатырмын.  

Қолөнершінің біз кестемен тоқылған туындылары әлемнің көптеген елдерінде жоғары бағаланған. Біз кестені 30 жылдан астам уақыт серік еткен шебердің еңбектері Қазақстанның мемлекеттік мұражай қорларында, сондай-ақ Англия, Израиль, Ресей, Моңғолия, Кипрдің жеке коллекцияларында сақталған. Алдағы уақытта шебер «Қазақ кестелеу өнері» альбомын жарыққа шығарып, бізбен кестелеу техникасын жас ұрпаққа мұра етіп қалдырмақ.