Астанада өтетін өңірлік
экологиялық саммит халықаралық сарапшылардың
қызығушылығын тудырып отыр. Ауқымды іс-шара сәуірдің 22-24 күндеріне
жоспарланған. Бүгінде оған 3 мыңға жуық адам қатысуға ниет танытқан. Негізінен Орталық Азия, Еуропалық одақ, Таяу
Шығыс елдерінен тіркелген. Олардың қатарында мемлекет басшылары, эко
белсенділер, ғалымдар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері бар. Форум аясында
Арал мен Каспий, экологиялық табиғи қатерлерге экономикалық тұрақтылық,
азық-түлік қауіпсіздігі және өңірдің экожүйесі, табиғи ресурстарды тұрақты
басқару, сондай-ақ климаттық өзгеерістер сынды мәселелері талқыланбақ. Сонымен
қатар, БҰҰ-мен серіктестікте өңірлік экологиялық бастамаларды іске асыру жөніндегі
іс-қимыл бағдарламасына қол қою күтілуде. Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан
Президенті 2023 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясында Өңірлік экологиялық
саммитті өткізу бастамасын көтерген болатын. Бұл ауқымды шара БҰҰ әріптестік
аясында ұйымдастырылуда.
Саранго
Раднарагча, БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі:
- Біріккен Ұлттар
Ұйымы үшін Өңірлік экологиялық саммитке дайындыққа қатысу үлкен мәртебе. БҰҰ-мен
және Орталық Азия елдерінің үкіметтерімен әріптестікте өңірлік экологиялық
бастамаларды іске асыру жөніндегі 2026-2030 жылдарға арналған ынтымақтастық
бағдарламасына қол қою күтілуде. Басым жобалардың қатарына климат және экология
бойынша өңірлік инвестициялық портфель, табиғатқа бағдарланған шешімдер бойынша
негіздемелік құжат, Орталық Азия елдері үшін экологиялық қызметтің
нәтижелілігіне өңірлік шолу жасау, экономика саласындағы әріптестікті дамыту
және «Жасыл мектеп» өңірлік платформасы кіреді.
Мансұр Ошурбаев,
ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі:
- Саммит аясында
әріптестікті дамытуға және бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға ерекше көңіл
бөлінеді. Тақырыптық сессиялардың қорытындысы бойынша өзара тәжірибелік
іс-қимылды кеңейтуге бағытталған 30 астам бірлескен бастамалар, меморандумдар,
келісімдер қабылданады немесе оларға қол қойылады деп күтілуде. Бұл диалогтан
нақты іске көшуді қамтамасыз етуге және өңірлік кооперацияны күшейтуге
мүмкіндік береді.
Айта кетейік, саммит аясында халықаралық жасыл технологиялар көрмесін өткізу жоспарланған. Онда Орталық Азия елдерінің 30 астам ірі өнеркәсіптік кәсіпорындары өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған тың технологияларды ұсынады.

