Қазақстан мен Қырғызстанның сауда-экономикалық ынтымақтастығы кеңейіп келеді. Еліміздің сыртқы істер министрлігінің дерегінше, соңғы жылдары екіжақты тауарайналымы тұрақты түрде 1,5 млрд долларынан асып отыр. Бұл ретте әлеует жеткілікті. Тараптар өзара алыс-берісті екі есе, яғни АҚШ валютасында 3 млрд-қа дейін жеткізуге дәмелі. Бұл ниеттерін нақты іске асыру үшін қазақ-қырғыз шекарасында Индустриялық сауда-логистикалық кешенін іске қосу жоспарланған. Бұған қоса өзара алыс-берістің номенклатурасын кеңейту межеленген. Екіжақты бизнес-форумдар өткізіліп, сауда миссиялары тұрақты түрде ұйымдастырылмақ. Өңіраралық байланыстарды одан әрі дамытуға басымдық беріледі. Бұл ретте қазір Қазақстан Қырғызстанның ең ірі сауда серіктесінің «үштігіне» кіретінін айта кету керек. Еліміз бүгінге дейін бауырлас мемлекеттің экономикасына 1,3 млрд доллардан астам инвестиция салды.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

