Қазақстандықтар саусақ іздерін тапсыруға міндеттелмейді. Сенат тиісті заңды мақұлдады. Яғни 2024-ші жылдан бастап ел азаматтарының келісімімен ғана ерікті дактилоскопиялық тіркеу енгізіледі. Тек теңізшілер мен шетелдіктер бұл үрдістен бас тарта алмайды. Қазақстан азаматтығы жоқ адамдар енді жеке сәйкестендіру нөмірін алу үшін тек өзі жүгінуі талап етіледі. Бұрын олар бұны басқа адамдарға берілген сенімхат негізінде нақты орналасқан жері бойынша жасай алатын. Сонымен қатар бұл заңда «Астана Хаб» халықаралық технологиялық паркінің қатысушысы 2024 жылдан бастап аталған парктің тіркелген жері бойынша орналасуы тиіс деген талап қамтылған. Құжатта парк аумағында қажетті инфрақұрылым болмаса осы міндетті алып тастау көзделіп отыр. Сонымен қатар сенаторлар «Азаматтарға арналған үкімет» мәртебесін өзгерту заңын құптады. Құжатқа сәйкес ол мемлекеттік қызмет көрсетудің бірыңғай провайдері болмайды. Енді оның функциялары серіктестік ұйымдар атынан кәсіпкерлік субъектілеріне беріледі.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті
Сенатының төрағасы:
-Мақұлданған заң мемлекеттік
қызмет көрсету саласында заңнаманы жетілдіруге бағытталған. Сондай-ақ, заң
аясында «Астана Хаб» технологиялық паркінің жұмысы және дактилоскопиялық тіркеу
мәселелеріне қатысты түзетулер қарастырылған. Атап айтқанда «Азаматтарға
арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы қызметкерлерінің жауапкершілігі
күшейтіледі. Бұл азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін нығайтуға жол ашады.
Жалпы заң халыққа мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді
деп сенеміз.