Қазақстанның мемлекеттік кеңесшісі конституциялық комиссияның
сегізінші отырысында қолданыстағы Ата заң мен жаңа жоба арасындағы
айырмашылықтарға тоқталды. Ерлан Қариннің айтуынша, жаңа құжаттың басты
артықшылығы оның мазмұнымен қатар, баяндалу тілінде болмақ. Мысал ретінде ол
қолданыстағы Конституцияның бірнеше бабын атап көрсетіп, түсініксіз сөйлемдер
мен екіұдай тіркестер жиі кездесетінін айтты.
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі, Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары:
- Қолданыстағы 95 жылдағы қабылданған Ата заңның 13-бабы 1-тармағында былай деп жазылған:
«Әркімнің құқық субъектісі ретінде танылуына құқығы бар және өзінің құқықтары
мен бостандықтарын, қажетті қорғанысты қоса алғанда, заңға қайшы келмейтін
барлық тәсілдермен қорғауға хақылы». Осыдан не түсінуге болады? Асыра айтқандық
емес, бірақ 1995 жылы қабылданған қолданыстағы ескі Конституция мен жаңа Ата
Заңның арасындағы мазмұндық, ұстанымдық, мағыналық, жаңашылдық, тілдік,
редакциялық тұрғыдан айырмашылық біршама.

