Шетелдік туристер ел аумағына енген кезде қазақ тіліндегі сөз тіркестермен таныса алады. Үкіметте шекарада сырттан келген саяхатшылар үшін QR-кодтар енгізілетіні айтылды. Сонымен қатар онда гидтер, такси құны, электронды SIM карта сатып алу сынды қажетті ақпарат беріледі. Сондай-ақ Қазақстанды қызықтап келген азаматтар туристік тартымды өңірлердің рейтінгісін де көре алады. Қазір бұған мүмкіндік беретін электронды тұғырнама әзірленіп жатыр. Онда ыңайлы навигация, интернетке қолжетімділік пен туристік агентіктердің қызметі ескерілмек. Бұдан басқа білікті гидтердің бірыңғай ақпараттық базасы құрылуда. Елге шетел саяхатшыларының ағынын арттыру қамында мәдени, агро және эко туризм бағыттары дамытылуда. Сондай-ақ ТОП-20 туристік аумақты дамыту жөніндегі жол карталарын бекіту көзделген.
Әлихан Смайылов,
ҚР Премьер-Министрі:
- Шетелдерде Қазақстанның
туристік әлеуеті туралы белсенді ақпараттық науқан жүргізуді қамтамасыз ету
қажет. Туризм және спорт министрлігі, Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп туризм саласын цифрландыру және қызмет көрсету
сапасын арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту тиіс. Бұл ретте, шетелдік
туристің ел аумағына келгеннен бастап, кетуіне дейінгі барлық кезеңін
цифрландырудың және оңайлатудың толық циклін, сондай-ақ ішкі туризмге арналған
қызметтердің барлық спектрін қамту маңызды.
Биыл шетелдік туристердің саны 2 есеге артқаны байқалады. Бұл ретте аспан асты елі саяхатшыларының қарасы қалың. Туристер ағынының артуына тараптардың соңғы визалық келісімі өз септігін тигізгені анық. Бұған қоса Қытайда Қазақстан туризмі жылын өткізу аясында халықаралық көрмелер ұйымдастырылмақ. Жалпы 80 елдің азаматы қазір Қазақстанда визасыз жүріп-тұра алады. 109 мемлекеттен келетін шетелдіктер үшін электрондық виза алу мүмкіндігі бар. Халықаралық әуе қатынасының географиясы да кеңейіп келеді.