Қазақстан мен БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы өзара агроөндірістік кешен және су
ресурстары саласындағы ынтымақтастық аясын кеңейтуде. Еліміздің
Премьер-Министрі ұйымның Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік өкілі
– бас директордың орынбасары Виорел Гуцумен бірлескен жобаларды іске асыру
әлеуетін талқылады. Мейман Қазақстанның агроөнеркәсіп секторындағы
елеулі әлеуетін, ауылдық аумақтарды орнықты дамыту үшін ынтымақтастықты
кеңейтудің маңыздылығын атап өтті. Олжас Бектенов саланың көрсеткіштері мен
даму жоспарларына жіті тоқталды. Отандық ауыл шаруашылығы өнімдері 80 елге
экспортталады. Азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық индексінде Қазақстан 113 ел
ішінде 32 орында тұр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жалпы өнімнің өсімі
13,7% құрады. Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді
дамытып, жоғары деңгейде өңделген өнім үлесін 70% дейін жеткізуге ниетті. Алдағы
үш жылда АӨК құны 4,8 млрд доларды құрайтын 600-ден астам инвестициялық жобаны
іске асыру жоспарланған. Үкімет басшысы бұл мақсаттарға қол жеткізуде FAO
маңызды стратегиялық серіктес екенін ерекше атап өтті.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

