Қазақстанда БҰҰ бітімгершілік операцияларына қатысу үшін әскери бақылаушылар дайындалуда

Қазақстанда алғаш рет БҰҰ Бітімгершілік операцияларына қатысу үшін әскери бақылаушылар дайындалуда. Осы мақсатта еліміздің Қорғаныс министрлігінің бітімгершілік операциялар орталығында пилоттық курстар ұйымдастырылды. Теория барысында әскери қызметшілер бітімгершілік қызметті, әскери бақылаушының мәртебесі мен міндеттерін, оның дағдарыс жағдайындағы іс-қимыл тәртібін реттейтін халықаралық заңнаманы, сондай-ақ жергілікті билік органдарының, БАҚ өкілдерімен де, қақтығыстың қарама-қарсы тараптарымен де өзара іс-қимылды ұйымдастыруды жан-жақты зерттейді. Еске сала кетейік, бұған дейін мұндай әскери дайындықты өзге елде шетелдік мамандар өткізіп келген.

 

Айбар Ақтөреев, орталық оқытушысы:

-Біз курстарды үш кезеңде өткіземіз. Мерзімі үш апталық.  Алғашында БҰҰ-ның негізгі оқу материалдарын өткіземіз. Онда олар бітімгерлердің жұмысымен жіті танысады. Екінші аптада біз ұйымның әскери бақылаушылардың жұмысын тікелей реттейтін арнайы материалдармен тікелей айналысамыз. Ал соңғы аптада қатысушылар жиған барлық білімін тәжірибе жүзінде қолданады.


Сонымен қатар офицерлер  әскери бақылаушы иеленуі керек дағдылардың кең ауқымын қамтитын практикалық сабақтардан өтеді. Рельефтің әртүрлі түрлерінде және ауа-райының кез келген мезгілінде жол талғамайтын көліктерді жүргізуден бастап, үйдегі жарылғыш құрылғыларды тану және жаралыларды мина алаңдарынан эвакуациялау дағдыларын жаттықтырады. Сондай-ақ болашақ әскери бақылаушылар шабуыл, бұқтырма, кепілге алу сияқты іс-қимыл алгоритмін меңгереді. Оқу курсының соңғы кезеңінде тыңдаушылар БҰҰ әскери бақылаушыларының кешенді бітімгершілік міндеттерін орындайды. Осылайша, әскери қызметкерлердің қалыптан тыс жағдайда шебер, әрі жылдам әрекет ету және күрделі және күрт өзгеретін жағдайда бақылау жүргізу қабілеті тексеріледі.