Қасым-Жомарт Тоқаев Үрімжіде Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы партия комитетінің хатшысымен кездесті

Қасым-Жомарт Тоқаев Үрімжіде Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы партия комитетінің хатшысымен кездесті

Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР ресми сапары аясында Үрімжіде Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы партия комитетінің хатшысы Ма Синжуймен кездесті. Мемлекет басшысы еліміздің Шыңжаңмен арадағы қарым-қатынастарының нәтижелерін жоғары бағалады. Бұл ретте Қазақстанның аспан асты елімен саудасындғы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының үлесі 40% асады. Тек  биыл жартыжылдықта осы өңірмен өзара тауар айналым 90% жуық өсіп, 8,5 млрд долларды құрады. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев елдеріміз арасындағы үшінші теміржол өткелін салудың маңыздылығына назар аударды. Президент осы жобаны іске асыруға жақын арада кірісуге болады деп есептейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-
Қазақстанның Шыңжаңмен өзара сауда-саттық мәселесінде өңірлік ынтымақтастықтың қолданыстағы механизмдерінің мәні зор.  Менің ойымша, оларды дұрыс пайдалана білсек, айтарлықтай ілгерілеуге болады. Қазақстан сіздің аймағыңызға жеткізілетін өнім түрлерін ұлғайтуға дайын. Атап айтқанда, металлургия, мұнай химиясы, машина жасау, тамақ өнімдерін, сондай-ақ құрылыс материалдарын экспорттай аламыз. Ал агроөнеркәсіп және азық-түлік секторындағы ықпалдастыққа келер болсақ, бұл бағыттағы әлеуетіміз зор. Қазақстан Қытай нарығына экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдерін тұрақты жеткізе алады деп санаймыз

Сондай-ақ кездесуде сауда-экономикалық байланыстардан бөлек, су саласындағы ынтымақтастықты дамытудың және трансшекаралық өзендерді пайдаланудың маңызды екені атап өтілді. Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев туризм саласына айрықша тоқталды. Өз кезегінде Ма Синжуй Қазақстан Президенті мен ҚХР Төрағасының келіссөздері барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті. Ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шыңжаңға сапарын тарихи оқиға ретінде бағалап, автономиялық ауданының басшылығы Қазақстанмен өзара ынтымақтастықты кеңейтуге және тұрақты байланысты сақтауға мүдделі екенін жеткізді.

Ма Синжуй, Шыңжаң-ұйғыр автономиялық ауданы партия комитетінің хатшысы:
-Біз ауыл шаруашылығы, трансшекаралық сауда, энергетика салаларына баса мән бере отырып, сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтамыз. Сонымен қатар ғылыми ұйымдар, жоғары оқу орындары және кәсіпорындар арасындағы қарым-қатынасты жолға қоямыз. Қазақстанға немесе Шыңжаң өлкесіне инвестиция құйып, бизнес ашуды көздейтін бірлескен кәсіпорындарды ынталандырамыз.