Қазақстан Португалиямен парламентаралық байланысты нығайтуға ниетті. Ел Сенатының спикері аталған мемлекетке жасаған сапары аясында жергілікті Ассамблеяның төрағасымен жүздесіп, осы бағытта ынтымақтастық әлеуетін талқылап, алдағы уақытта бірлескен жұмыстың міндеттерін белгіледі. Мәулен Әшімбаев еліміз Португалияның әлеуметтік-экономикалық дамуын құқықтық қолдау және парламенттік бақылауды қамтамасыз ету бойынша тәжірибесіне қызығушылық танытатынын жеткізді. Өз кезегінде Жозе Педро Агиар-Бранку көпжақты қатынасты дамытуға мүдделі екенін айтып, Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси өзгерістердің тиімділігіне назар аударды. Сұхбат кезінде сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланысты кеңейту мәселелері де назарсыз қалмады. Бұл ретте, тараптар «жасыл» экономика, инфрақұрылым, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, ғылыми-технологиялық қызмет сынды салаларда бірлескен жобаларды іске асыру жөнінде ұсыныстар айтты. Қазақстан делегациясы Португалияға жұмыс сапары аясында БҰҰ Өркениеттер альянсының Жаһандық форумына қатысады.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

