Қазақстан мен Сербия экономикалық ынтымақтастықты
күшейтуде. Инвестиция мен бірлескен жобаларға баса назар аударылады. Ауыл
шаруашылығы және агроөнімдерді қайта өңдеу, цифрландыру және AI-технологиялары
салаларында серіктестік әлеуеті жоғары. Бұл туралы іскер топ өкілдері
Қазақстан-Сербия бизнес-форумында және екі елдің Іскерлік кеңесінің бірінші
отырысында айтты. Тараптар 10 келісімге қол қойды, бұдан бөлек тиімді
әрекеттестіктің өзге де әлеуетті секторлары бар.
Мұрат Қарымсақов, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының
төрағасы:
- Сербия сауда-өнеркәсіп палатасы мен
Қазақстанның сыртқы сауда палатасы арасындағы іскерлік келісім жасалды. Бұдан кейін
бізде Ауылшаруашылығы Өнеркәсібі саласында жұмыс істейтін компаниялар қол
қоятын келісімдер бар. Шамамен 10 келісімге қол қойылды. Олар әскери-техникалық
ынтымақтастық, IT, құрылыс және басқа да бағыттарды қамтиды. Серб компаниялары
тарапынан Қазақстан экономикасына салынған инвестиция көлемі де артып келеді.
Негізгі оқиғалардың бірі Astana Hub инновациялық кластері
мен Сербияның Цифрлық трансформация орталығы, SEE UP акселераторы және
Белградтың Ғылыми-технологиялық паркі арасында ынтымақтастық туралы үш
меморандумға қол қою болды. Келісімдер бірлескен ІТ-жобаларды дамытуға,
стартаптарды қолдауға және екі елдің технологиялық экожүйелері арасында біліктілік
алмасуға бағытталған. Жалпы, бүгінде еліміздің нарығында 60-тан астам серб
компаниясы жұмыс істейді - олар фармацевтика, құрылыс, энергетика, машина
жасау, агроөнеркәсіп кешенінде жұмыс істейді.
Ненад Попович, Сербияның Халықаралық экономикалық
ынтымақтастықты дамыту министрі:
- Біздің елдеріміз арасындағы еркін сауда туралы келісім
берік институционалдық негіз қамтамасыз етеді. Біздің мәліметтер бойынша,
бүгінде Сербияда қазақстандық капиталы бар 44 кәсіпорын және қазақстандық 73
жеке кәсіпкер азамат тіркелген. Бұл аз, және біздің міндетіміз - бұл санды,
сондай-ақ Қазақстандағы серб кәсіпкерлерінің қатарын ұлғайту.
Айта кетейік, өткен жылдың
қорытындысы бойынша екі елдің өзара саудасы 8%-ке өсіп, 108 млн долларға жетті.
Жалпы, тараптар серіктестігі стратегиялық сипатқа ие - Қазақстан Орталық Азия
нарығына шығу мүмкіндігін, ал Сербия еуропалық инфрақұрылым мен логистикаға қол
жеткізуді қамтамасыз етеді.
Михайло Весович, Сербияның Сауда-өнеркәсіп палатасының Халықаралық ынтымақтастық және даму жөніндегі вице-президенті:
- Біздің
елдеріміз арасында саяси деңгейде түсініспеушілік, ашық проблемалар жоқ және
бұл экономикалық әріптестікке оң әсер етеді. Қазақстанмен жұмыс істейтін серб
кәсіпкерлерінің саны артып, ынтымақтастық жаңа деңгейге көтеріледі деп
үміттенеміз. Біз тек азық-түлік алмасып қана қоймай, уақыт талабына сай жаңа озық
өнімдер жасағымыз келеді.

