Отандық бизнесті мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың заңсыз араласуынан қорғау. Парламент Мәжілісінің депутаттары рейдерлікке қарсы күрес шараларын күшейту және кәсіпкерлік қызметті қорғауға қатысты тиісті заңнамаға енгізілген өзгерістерді бірінші оқылымда мақұлдады.
Төменгі Палата өкілі Дмитрий Колоданың айтуынша, құжатты Мемлекет басшысының осыған қатысты жүктеген тапсырмасын орындау қамында бір топ халық қалаулылары әзірлеген. Осылайша, еліміздің қылмыстық-процестік кодексіне кәсіпкерлердің қызметіне заңсыз араласуға қатысты шағымды қарау мерзімін қызқарту сынды бірқатар түзету енгізілген. Депутаттар заң нормалары азаматтардың құқықтарын қорғауға негіз болатынына сенімді. Сондай-ақ кәсіпкерліктің дамуына тосқауыл болатын әкімшілік кедергілерді жойып, сот үрдісінде заңды мүделерін қорғудың тиімділігін арттырады. Бұған қоса, елдегі бағалы заттардың заңсыз айналымымен күресу шараларын күшейту көзделіп отыр.
Дмитрий Колода, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қолданыстағы қылмыстық заңда бағалы металдар мен асыл тастардың, құрамында қымбат металдар бар шикізат тауарларының, сондай-ақ зергерлік бұйымдардың заңсыз айналымы үшін және бұған септескен тұлғаларға қатысты қылмыстық жауаптылықты көздейтін жеке бап қарастырылмаған. Мәселен, бағалы металдар мен асыл тастарды заңсыз өндіру үшін өндіріс орындарына заңсыз кіретін тұлғалар кәсіпорын қызметкерлерінің денсаулығы мен өміріне қауіп төндіреді. Өйткені бұндай заңсыздыққа барған азаматтар көп жағдайда өндіріс технологиясы мен ережелерін, қауіпсіздік шараларды мүлдем ескермейді.
Депутаттың айтуынша, аталмыш заң жобасы жемқорлыққа қарсы күрес және ғылыми лингвистикалық сараптамадан өткен. Сондай-ақ Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Үкімет тарапынан оң сараптамалық қорытынды алған.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов