Алдағы екі жылда Шығыс Қазақстан
облысына кемінде 1,5 триллион теңге инвестиция тарту көзделіп отыр. Былтыр өңірге құйылған капитал 116% өсті.
Сондай-ақ, құрылыс жұмыстары төрттен бір есеге ұлғайған. Жалпы көлемі 400 мың шаршы метрден астам
тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал 2027 жылға қарай шамамен 700 мың шаршы метр
баспана тапсырылмақ. Аймақ басшысы Президентке облыстың әлеуметтік-экономикалық
дамуы жайында баяндады. Нұрымбет Сақтағанов шағын және орта бизнесті қолдау, инфрақұрылымды
жаңғырту шаралары туралы ақпарат берді. Өңір жетекшісінің айтуынша, туризм,
цифрландыру салаларын, көлік-логистика секторы мен агроөнеркәсіп кешенін
дамытуға баса назар аударылады. Сонымен қатар, өлкеде «Ауылдық денсаулық
сақтауды жаңғырту» және «Жайлы мектеп» ұлттық жобалары жүзеге асырылып жатыр. Құрылыс,
ауыл шаруашылығы, авиация, энергетика және су көлігі салалары бойынша жаңа
білім беру бағдарламалары ашылып, «Шығыс маманы» жеңілдетілген ипотекалық
бағдарламасы іске қосылды.
Нұрымбет Сақтағанов,
ШҚО әкімі:
- Былтыр облыс бойынша 46 жаңа
өндіріс ашсақ, оның ішінде 10 өндіріс Ұлттық пул жобасы аясында жүзеге асты.
Биыл 85 млрд теңгеге тағыда 50 өндірісті іске қосуды жоспарлап отырмыз. Облыста
өңірлік жобалық кеңсе құрылған. Барлық қалалар мен аудандар бойынша тиісті
экономикалық өсу тетіктері жоспарлары бекітілген. Мемлекет басшысы Шығыс Қазақстан
облысын одан әрі дамыту және өңір тұрғындарының өмір сүру деңгейін жақсарту
жөнінде бірқатар тапсырма берді.

