Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті өтті. Түркі әлемінің рухани астанасында Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан көшбасшылары бас қосты. Тараптар технологиялық жаңғыру үдерісінен тыс қалмауы үшін жасанды интеллект пен цифрландыру бағытында бірлесе жұмыс істеуге ниетті. Осы орайда Қазақстан Президенті ортаға салған ұсыныстардың бірі - ұйымға мүше елдер арасында электрондық құжаттар мен цифрлық қолтаңбаны өзара тану. Бұл ретте, ғарыш саласының да маңызы зор. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бұл – түркі мемлекеттерінің бәсекеге қабілетін арттыруға ықпал ететін негізгі фактордың бірі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл бағытты жүйелі түрде дамыту үшін елдеріміздің ғылыми, технологиялық және қаржылық әлеуеті жеткілікті. Әсіресе, спутник байланысы, навигация және мониторинг саласында бірлескен жобаларды жүзеге асырып, ықпалдастығымызды кеңейте түсу қажет. Сол арқылы технологиялық дербестігімізді нығайтып, инновациялық әлеуетімізді арттыруға мүмкіндік туады. Мысалы, «CubeSat-12U» ғылыми спутнигін іске қосудың маңыздылығын атап өтуге болады.
Өзара тәжірибе алмасу, бірлесіп кадрлар даярлау және озық технологияларды енгізу өте маңызды. Білім-ғылым саласына қажетті мамандар даярлайтын оқу орталықтары мен ғылыми мекемелер керек. Сондықтан Қазақстан Президенті Түркі елдерінің жасанды интеллект орталықтарының желісін құруды ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз Қазақстанда жаңа форматтағы технологиялық оқу орны – Жасанды интеллект университетін ашуды жоспарлап отырмыз. Жоғары оқу орнында түркі мемлекеттерінің азаматтарын оқыту үшін арнайы гранттар бөлуге дайынбыз. Бағдарламалау, жасанды интеллект және озық цифрлық технология салалары бойынша Түркі елдерінің жастары арасында жыл сайын ғылыми-технологиялық олимпиада ұйымдастырған жөн деп санаймыз. Бұл бастамаларды жүзеге асыру үшін Түркі инвестициялық қоры тарапынан қаржылай көмек көрсетуге болар еді.
Ал Түркі кеңесіне мүше мемлекеттердің IT-хабтарының бірлескен орталығы - Turkic AI елдердегі жасанды интелектіні дамытуды ілгерілетуге ықпал етпек. Қасым-Жомарт Тоқаев оны Астанадағы Alem.ai орталығында ашуды ұсынды. Президент өзара гуманитарлық ықпалдастықтың маңызына да тоқталды. Ол Түркі өркениетінің мұрасын сақтау жөніндегі конвенция жобасын пысықтау туралы ұсынысты қолдауға шақырады. Мемлекет басшысы АІ негізінде түркі халықтарының тарихы мен мәдениетіне қатысты материалдарды жинақтайтын арнайы цифрлық платформа құру жөніндегі жұмысты жандандыру қажет деп санайтынын жеткізді. Түркістан қаласында Түркі өркениеті орталығын құру көзделіп отыр. Ол бауырлас елдердің бірлесіп ғылыми зерттеу жүргізуіне тың серпін бермек. Бұл жұмысқа түркі тілдерінің ортақ терминологиялық базасы ықпал етеді. Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекетаралық терминологиялық комиссия құруды ұсынды. Алқалы жиын соңында Түркістан декларациясына қол қойылды.

