2024 жылы Қазақстанда жол жөндеу жұмыстары рекордтық көрсеткішке жетті

Биыл Қазақстанда 12 мың шақырым жолда құрылыс пен жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл рекордтық көрсеткіш. Атап айтсақ, республикалық маңызы бар 5 мың шақырым, ал өңірлік маңызы бар 4 мың шақырым жолда тиісті жұмыстар жалғасады. Биыл пайдалануға берілетін жол туралы айтар болсақ, жаңадан 2 мың шақырым халық игілігіне тапсырылмақ. Одан бөлек, елімізде жолдардың құрылымын күшейту мақсатындағы орта жөндеу жұмыстары бойынша ауқымды бағдарлама жүзеге асырылуда.

 

Ляззат Стамғазиева, ҚР Көлік министрлігінің ресми өкілі:

– Негізгі күшті басты көлік дәліздерін аяқтауға жұмсаймыз. Олар: «Астана-Балқаш-Алматы», «Талдықорған-Өскемен», «Ақтөбе-Қандыағаш» және «Атырау-Астрахан». Сонымен қатар, Ұлытау облысындағы «Қызылорда-Жезқазған», «Ақтөбе-Ұлғайсын» учаскесінде «Ақтөбе-Қызылорда», «Қызылорда-Сексеуіл», «Қарағанды-Жезқазған» мен Сарыағаш қаласында айналма жол құрылысы бойынша жұмыстарды бастауды жоспарлап отырмыз.

 

Айта кетейік, елімізде жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарына енді тек отандық материалдар ғана қолданылады. Оның сапасын сарапшылар тұрақты бақылауда ұстамақ. Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының өкілдері, журналистер мен қоғам белсенділері Ақтөбе облысындағы асфальт-бетон зауыттарының жұмысын тексеріп, танысып қайтты. Басты талап, барлық нормаға сай болуы. Одан бөлек, өңірдегі карьерлер мен зертханаларды тексерген олар, «Ақтөбе-Қандыағаш» бағытындағы жол құрылысының барысымен танысты.

 

Мейрамгүл Қабдығалиева, Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының департамент директоры:

– Былтырдан бері біздің институт елімізде барлық тас карьерлерін зерттеумен айналысып келеді. Алдын ала мәліметке сүйенсек, олардың саны 842. Былтыр еліміздегі 8 өңірді толыққанды зерттесек, биыл, қалған 9 өңірде жұмыс жүргізіп жатырмыз. Нәтижесінде, жол-құрылыс материалдарының бірыңғай базасы құрылды. Ол бүгінде іске қосылды. Онда карьерлердің картасын көруге болады.

 

Қайрат Мұхамбетқалиев, Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының Жаңа технологиялар басқармасының басшысы:

 – Бүгінде көлік министрлігінің тапсырмасымен Қазақстан  жол ғылыми-зерттеу институты барлық асфаль-бетон зауыттарында ауқымды тексеріс жүргізуде. Олар біздің rcmbase базамызға енгізіледі. Зауыттардың қуаттылығы мен өнімділігі жайлы толық ақпарат сонда орналастырылады. Тексерістен кейін әр асфальт-бетон зауыттарына жекелей мәртебе беріледі. Бұл дегеніміз тек толыққанды жаңғыртылған, барлық қондырғылары заманауи асфальт-бетон зауытына ғана 5 жұлдызды мәртебе береміз. Оның үстіне, құжаттары да сәйкес болуы тиіс.

Жалпы, Қазақстанның көлік бағыттары әлеуетін дамыту және көлік инфрақұрылымын модернизациялауға байланысты жоспарлар сатылы түрде жүзеге асырылып, 2031 жылға дейін жалғасады деп күтілуде.