Қ. Тоқаев қазақстандықтарды Рамазан айының басталуымен құттықтады

Қ. Тоқаев қазақстандықтарды Рамазан айының басталуымен құттықтады

Бүгін Ислам әлемі үшін қасиетті, он екі айдың сұлтаны саналатын Рамазан айы басталды. Мемлекет басшысы мұсылмандар үшін берекеге толы аймен қазақстандықтарды құттықтап, Оразаның халқымыз үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Ораза күні қоғамда имандылық, адалдық, мейірімділік сияқты құндылықтар алдыңғы орынға шығады.


Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бүкіл мұсылман қауымының ынтымағы артып, бір-біріне бауырмалдығы айқын көрінетін мезгіл. Ораза айы рухани тазаруға, мұқтаж жандарға көмек қолын созып, қайырымдылық жасауға үндейді. Сол арқылы барша адамзаттың береке-бірлігі нығая түсуіне ықпал етеді. Дін мен дәстүр сабақтастығын берік ұстанатын ел татулығын, тұрақтылығы мен тыныштығын сақтап, кез келген сын-қатерден сүрінбей өте алады. Мен Қазақстан халқының әрдайым рухани үндестікте өмір сүріп, болашаққа нық қадам басатынына сенемін. Ораза қабыл болсын!


Сабыр, қайырымдылық, мейірім, бауырмалдық секілді адамдық асыл қасиеттер артып, иман күшейетін Ораза айы  Ислам күнтізбесіне сәйкес 30 күнге созылады. Ал, сәуір айының 5-інен 6-на қараған түн – қасиетті Қадір түні. 10 сәуір – Ораза айт мерекесі. Пітір садақасы 640 теңге болып бекітілді.