Қ.Тоқаев: Қазақстанға сапалы инвестициялар қажет

Қ.Тоқаев: Қазақстанға сапалы инвестициялар қажет

Бүгін Мемлекет басшысының төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жиында еліміздің 2024-ші жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары шығарылып, Қазақстан Президенті алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттерді айқындады. Мәселен, былтыр жалпы ішкі өнімнің өсімі 4,8% құрады. Ауыл шаруашылығында, құрылыста, сауда мен көлікте жоғары серпінге қол жеткізілді. Бұл ретте өңдеу өнеркәсібінің даму қарқыны жақсы. Отандық өндіріс көлемі 6% ұлғайған. Тың статистикалық көрсеткіштердің артында нақты нәтижелер тұр. Қазақстанда шойын құю, вольфрам және жылу оқшаулағыш материалдар мен катодты мыс өндірісі және басқа да бағыттарда 29 ірі зауыт бой түзеді. Қасым-Жомарт Тоқаев сырттағы ахуал күрделі болса да, елімізде жақсы нәтижелер бар деді. Ел экономикасы өсіп жатыр. Бірақ шешімін таппаған түйткілдер әлі де көп екенін атап өтті. Үкімет ел экономикасын тұралап қалудан сақтап, орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін күрделі шешімдер қабылдауы тиіс. Мемлекет басшысы осының қамында экономиканы әртараптандырудың басым бағыттарын айқындады. Қасым-Жомарт Тоқаев осы мақсатта стратегиялық тұрғыдан сапалы инвестицияларға, геологиялық барлауға назар аудару, сондай-ақ, инвесторлар үшін қосымша артықшылықтарды көздеу қажеттігінің маңызына жіті тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Үкімет инвесторды іздеуге, қолдауға және қорғауға қатысты жұмыстың бәрін жүйелі жүргізетін біртұтас экожүйе құруы қажет. Бұл жұмыс барлық деңгейде, яғни аймақта, орталықта және шетелде бірдей атқарылуы керек. Осы орайда шетелдік және отандық инвесторларға қатысты ұстаным бірдей болуы қажет. Мемлекеттің қолдауына ие болған компанияларға тиісті талап қойылуы керек. Олар жұмыс орындарын сақтап, өндірісті жаңғыртуы тиіс. Сонымен бірге экология талаптарын мүлтіксіз орындауға міндетті.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?