Ұлттық құрылтай биылғы жұмысын қорытындылады. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің айтуынша, Құрылтай мүшелерінің бастамасымен 40 бөлімнен тұратын арнайы жоспар қабылданған. Оның басым бөлігі орындалған. Атап айтқанда, биыл Парламент әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету заңын қабылдап, Президент оған қол қойды. Сондай-ақ, есірткі бизнесімен күрес туралы құжат қабылданып, мемлекет басшысына жолданды. Осы заңдарды әзірлеуге Құрылтай мүшелері белсенді ат салысты. Жалпыұлттық құндылықтарды дәріптеу аясында жыл бойы ғылым, білім, мәдениет пен ономастика салаларында бірқатар мемлекеттік және қоғамдық жобалар мен бастамалар жүзеге асырылды.
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:
- Тағы бір маңызды ой айтылып еді. Мемлекеттік наградалар жүйесіне жаңа атауларды белгілесек деп. Бізде білесіздер «Құрмет», «Парасат», «Барыс», секілді мемлекеттік наградалар бар. Бірақ белгілі бір тұлғаларға арналған наградалар жоқ еді. Парламентте талқылау болып, сәуір айында осындай маңызды заң қабылданды бірден Ұлттық Құрылтайдан кейін. Сөйтіп «Айбын орденінің» 3 дәрежесіне Отан соғысының 3 батыры Сағадат Нұрмағамбетов, Бауыржан Момышұлы және Рақымжан Қошқарбаевтың есімдері берілді.
Мемлекеттік кеңесші Президенттің Атырауда айтқан 4 ауқымды инфрақұрылымдық жоспарының қалай орындалып жатқанына тоқталды. Ерлан Қарин, Ұлттық Құрылтай тиімді диалог алаңы ғана емес, қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеретін негізгі орталықтың біріне айналғанын атап өтті.

