Қазақстан
Президентінің «Turkistan» газетіне берген сұхбаты қоғамда кең талқыланып жатыр.
Сарапшылардың пікірінше, сұхбатта Қасым-Жомарт Тоқаев негізгі ішкі және сыртқы
саяси оқиғаларға баға беріп, 2025 жылдың қорытындысын айтқан. Президент елдегі
реформалардың уақыт қажеттілігінен туындағанын айтты. Еліміз жаңғырту жолында
үлкен қадам жасады. Оның үстіне, Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, болашақ
ұрпақтың игілігі үшін ауқымды өзгерістердің айрықша маңызын қоғам анық сезініп
отыр. Алдағы дамуда цифрландыру мен жасанды интеллект маңызды рөл атқарады. Қазақстан
цифрлық державаға айналуы керек. Бұл – қазіргі жаңа технология дәуірінде
өркениетті ел болып қалудың бірден-бір жолы - деді Мемлекет басшысы. Әлемде
технологиялық алыптар қалыптасқанына қарамастан, біздің де бастапқы
мүмкіндіктеріміз жаман емес. Сарапшылар жоғары технологиялық болашаққа дер
кезінде бейімделу маңызды екенін атап өтті.
Нұрмахан
Закарин, Astana Hub қатысушыларын қолдау кеңсесінің директоры:
- Қазіргі таңда цифрландыру мен жасанды интеллектке
бағытталған фокус елімізге қолданбалы нәтижелер арқылы халықаралық деңгейдегі
позициясын нығайтуға мүмкіндік беріп отыр. Бұл тек мемлекеттік қызметтерді
цифрландыру немесе жекелеген ұсақ іс-шаралар туралы ғана емес. Әңгіме жасанды
интеллектіні өнеркәсіпке, қаржы саласына, саясатқа және басқа да бағыттарға
енгізу жайында болып отыр. Атқарылып жатқан барлық шаралар ұзақ мерзімді әрі
жүйелі жұмыстың бір бөлігі болып табылады. Бұл бір күндік шаруа емес. Қалыптасқан
құқықтық құрылым мен кадрлық шешімдер тұрақты өркендеуге әрі цифрлық дамуға
негіз болады. Қазіргі кезеңде халықаралық нарықта жоғары бағаланып жатқан
біздің кейстарымыз, біздің стартаптарымыз шетелдіктер үшін мемлекетіміздің
инвестициялық тартымдылығын арттырып отыр.
Халықаралық
қаржы институттары мен рейтинг агенттіктерінің бағалауынша, елімізді бақуатты,
тіпті, бай мемлекет деп атауға болады. Соған қарамастан, экономикамызда
теңсіздіктер әлі де сақталып отыр. Оның бәрін шұғыл реттеп, түзу жолға салуымыз
керек, - деді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Марат
Қайырленов, Экономика ғылымдарының кандидаты, консалтингтік компанияның
директоры:
- Егер бұған
дейін Қазақстан шикізат секторы есебінен айтарлықтай қарқынмен дамыса, бұдан
былай қосылған құны неғұрлым жоғары, ғылымды көп қажет ететін, технологиялық
салалар қажет. Сәйкесінше, біз институттардың рөлін, меншік құқығын қорғаудың
маңыздылығын түсінуіміз керек. Инвесторлар мен азаматтар бұл елге инвестиция
салудан тартынбауы үшін қажетті әділ сот жүйесі бар. Егер дау туындаса, онда
заң бойынша, әділдік бойынша шешім шығады.

