Цифрландыру Қазақстан дамуының негізгі қозғаушы күшіне айналуы тиіс.
Президент өз Жолдауында геологиялық барлау ісінде жаңа технологиялар мен
нейрожелілерді қолдану қажеттігін атап өтті. Кен орындарына талдау жүргізу үшін
жер қойнауының диджитал картасы, сонымен қатар жер ресурстарының бірыңғай цифрлық
картасы құрылады. Бұндай сандық жүйелер шаруаларға топырақтың сапасын бағалап,
өнімділікті болжауға және ауыл шаруашылығы дақылдарын таңдауға септеспек. Сондай-ақ,
Президент су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын құруды тапсырды. Ол жасанды
интеллект негізінде жұмыс істейтін болады. Онда жер үсті және жер асты сулары
туралы деректер қамтылады. Салалық министрлік, Ұлттық ақпараттық жүйені құру
жұмыстары басталғанын айтады. Онда жергілікті су ресурстарының картасын ғана емес, сондай-ақ
шетелдік сулардың келуі жөніндегі деректерді де көруге болады.
Аслан
Абдраимов, ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі:
- Цифрлық технологияларды енгізу біз үшін тиімді басқаруды
қамтамасыз етіп, сол арқылы су ресурстарын айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік
беретінін жақсы түсінеміз. Заманауи технология суды бөлу үрдісінде ашықтықты
қамтамасыз етеді. Бұл онлайн режимінде барлық ақпаратты жедел алатын салалық
органдарға ғана арналған алаң емес. Оның мүмкіндіктерін тұтынушыларда өз
кәдесіне жарата алады.

