Қазақстан Президентінің Жаңа Конституцияға қатысты мақаласы америкалық «The National Interest» басылымында жарық көрді. Жарияланымда Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің жаңа Ата заңын қабылдау бойынша жуырда өткен республикалық референдум ұлт дамуының даңғыл жолға түскенін көрсетеді, деді. Конституциялық өзгерістерді дауыс берушілердің 87,15%, яғни, жұртшылықтың басым бөлігі қолдады. Бұл елдің саяси жүйесі жетілгенін, азаматтардың мемлекет келешегін айқындайтын маңызды шешімдерді қабылдау үдерісіне тікелей атсалысуға дайын екенін байқатты. Мемлекет басшысы атап өткендей, осылайша, Қазақстан саяси трансформацияның ең маңызды кезеңіне қадам басты. Қасым-Жомарт Тоқаев Негізгі заңның мәтінімен жұмыс өте мұқият, барынша жауапкершілікпен жүргізілгенін тілге тиек етті. Барлығы 12 мыңға жуық ұсыныс қаралды. Сонымен қатар жаңа конституциялық жүйе аясындағы институционалдық реформалар мемлекеттік басқаруды жетілдіріп, кадрларды тұрақты түрде жаңартуға септігін тигізеді. Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, олардың негізгі шешімдерді қабылдауға қатысуының кеңеюі туралы да жазды. Бұдан бөлек Мемлекет басшысы Қазақстанның инвестициялық тартымдылығына және реформаларды жалғастыру қажеттігіне тоқталды. Мақалада елдің даму деңгейі де атап өтілген. Қазақстан әлемнің 50 ірі экономикасының қатарына енді. Ал мемлекеттік басқаруды цифрландыру деңгейі бойынша үздік 30 елдің санатында. Сондай-ақ мұнай мен газдың мол қоры бар. Аса маңызды пайдалы қазбалар мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде әлеует жеткілікті.

