Қазақстан Президенті АҚШ-на жұмыс сапарымен барды. Нью-Йоркте Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясы 78-сессиясының Жалпы дебатында сөз сөйлейді, сондай-ақ «Орталық Азия – АҚШ» саммитіне қатысады. Бұдан бөлек, Президент трансұлттық компаниялардың жетекшілерімен кездесу өткізуде. Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев Wabtec компаниясының президенті және бас атқарушы директоры Рафаэль Сантанамен Қазақстанның теміржол саласын жаңғырту аясындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады. Көлік-логистика саласындағы жаһандық көшбасшы отандық өнеркәсіпке 1 миллиард долларға жуық инвестиция құюға ниетті. Қазір елімізде сутегі технологиясын қолданатын локомотивтер мен олардың қосалқы бөлшектерінің өндірісін іске қосу жобалары пысықталуда. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Citigroup компаниясының бас атқарушы директоры Джейн Фрейзермен кездесті. Президент америкалық қаржы холдингінің Астана халықаралық қаржы орталығының жаһандық инвесторлармен байланысын қамтамасыз ету және қаржы секторының цифрлық трансформациясын дамытуға атсалысу ісіндегі рөлін оң бағалады. Сондай-ақ компания Қазақстанның көліктік-логистикалық жобаларын қаржыландыруды жоспарлап отыр.
Ренат Бектұров, «Астана» халықаралық қаржы орталығының
басқарушысы :
- Citigroup банктің қаржыландыруы арқылы Wabtec компаниясы
біздің елімізге 240 жаңа локоматив жасамақ. Бұл өзіміздің мемелекет басшысы
қойып жатқан орта коридор, орта дәлізді дамытуға үлкен бір септігін тигізбек. Бұл
мәміле 950 млн долларға тең. Жаңа атап өткендей ҚТЖ 15 процентке жуық
локомативтерін жаңа локомативтерге ауыстыруға мүмкіндік ашып отыр. Сити банк
корпорациясы өз тарапына 900 млн доллар
кредит береді. Ол америкалық эксим банк гарантияларымен бекітілген.
Сондықтан бұл мәселе АҚШ конгресінде де қаралмақ. Бұл біздің инвестицияларға,
шетелдік инвестицияларға, оның ішінде америкалық инвестицияларға ашық екенін
және қызық екенін көрсетеді.