Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды. Ол елімізге Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен келмек. Сапар аясында қос тарап басшылары келіссөздер жүргізеді. Тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы ынтымақтастықты кеңейту, көлік-логистика және энергетика саласындағы ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ, гуманитарлық байланыстарды тереңдету мәселелерін қарастырады.
Келіссөздер қорытындысы бойынша екіжақты бірқатар құжатқа қол қойылады деп жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, екі ел президенттері қазақ-герман бизнес форумына қатысады. Сонымен қатар Германияның Федералды Республикасының Президенті Қазақстан мен Германия университеттері ректорларының форумында сөз сөйлейді. Сапар аясында Германия басшысы Маңғыстау облысына барып, өңірдің экономикалық әлеуетімен танысады. Федералды президент Қазақстан-Германия инжиниринг институтының ашылуына және швед-герман компаниясының жасыл сутегі өндіретін зауытының сынама бұрғылау жұмыстарын бастау рәсіміне қатысады деп жоспарланып отыр.