Сарапшылар: Орталық Азия Мен Қазақстанның жаһандық нарықтағы рөлі артады

Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазіргі жаһандық проблемаларды шешуге бағытталған бастамалары БОАО Азия форумына жиналған сарапшылардың қызығушылығын арттырды.

Еске сала кетсек, олар көпжақты сауда, қаражаттың қолжетімділігі, азық-түлік дағдарысын шешу, логистика, технологиялар айналымы секілді мәселелерге қатысты. Мемлекет басшысының сөзінде қазіргі түйткілді қиындықтарға қарсы күш біріктіру туралы ұсыныс та болды. Экономистер мен сарапшылар Қазақстан Президентінің Азия құрлығының рөлі артып келе жатыр деген пікірімен де бірауыздан келісті.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Орта Азияның да маңыздылығы еселене түскенін жасырмады. Өз кезегінде, еліміз өңірдегі ең ірі экономикасы мықты ел бола тұра, өз алдына 2029 жылға дейін көрсеткішті екі есе арттыру деген үлкен мақсат қойып отыр. Словенияның экс-президенті әрі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің бұрынғы төрағасы Данило Тюрктің айтуынша, Қазақстанның құрлықтағы ірі экономикалардың қатарына кіруіне барлық мүмкіндіктері бар. 

Данило Тюрк, Словения экс-президенті:

– Президент Тоқаевтың сөзі өте сенімді болды. Оның сөзінен Қазақстанның даму және жаңғыру әлеуеті Азия дамуының негізгі факторларының бірі екенін көруге болады. Президент осы уақытқа дейін қол жеткізілген ілгерілеу мен болашаққа арналған жоспарлар туралы жан-жақты айтып, әрқайсысына тоқталды. 

Өзара әріптестік пен өңірдегі көлік-логистикалық әлеуетті арттыру – сарапшылардың пікірінше – ең дұрыс шешім. Қазақстан бұрыннан «Орта дәліз» аталып кеткен бағыттың қақ ортасында орналасқандықтан, Азияның көлік хабына айналуына мүмкіндіктері бар.

Исмаил Хаккы Мұса, Түркияның ҚХР өкілетті және төтенше елшісі:

– Сіздердің президенттеріңіздің өз сөзінде «Бір белдеу – бір жол» бастамасына ерекше көңіл бөлгені бізді тәнті етті. Себебі, осы және Орта дәліз жобаларында Түркияның да рөлі ерекше. Бұл көлік дәлізі қазір әлем алдындағы бірқатар түйткілді мәселелердің тиімді шешімі болуы мүмкін. Орта дәліздің транзиттік қуатын арттыру мен Қытайдың «Бір белдеу – Бір жол» бастамасымен байланысы өте маңызды.