Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық Air Products
компаниясының бас атқарушы директоры Эдуардо Менезеспен газ өңдеу мен газ
химиясы салаларындағы ынтымақтастық әлеуетін талқылады. Мемлекет басшысының айтуынша,
Құрама Штаттар – Қазақстанның ірі экономикалық серіктестерінің бірі және еліміз
өзара тиімді байланысты кеңейтуге мүдделі. Өз кезегінде Эдуардо Менезес
компанияның Қазақстан экономикасына инвестиция құю мүмкіндігін қарастыратынын
жеткізді. Өйткені Air Products газ өңдеу мен газ химиясы, сондай-ақ көмірді
терең өңдеу салаларындағы жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытады. Air
Products компаниясы АҚШ-тың ірі компанияларының қатарына кіреді. Көгілдір отын
өңдеу, өнеркәсіптік газ өндірісі бойынша халықаралық көшбасшылардың бірі
саналады.

