Конституциялық комиссияның үшінші отырысында бірқатар заңнамалық ұсыныстар
айтылып, саяси партия ұстанымдары жарияланды. Фракция жетекшілері бір палаталы
парламентке көшу заң шығаруды оңтайландыратынын айтты. Мәжіліс депутаты Елнұр
Бейсенбаев Құрылтайда фракция өкілдерінен тең құралатын комиссия құруды ұсынды.
Сондай-ақ, ол заң жобаларын үш оқылымда қараудың артықшылықтары туралы айтты.
Яғни, заңды мұндай тәртіпте қарау - нормалардың сапасын жақсартып, тиімді жұмыс
істеуіне ықпал етеді.
Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Конституциялық комиссия
мүшесі:
- Заң шығару процессі жылдам болады, ашық және түсінікті болады. Барлық заң
бір парламентте үш оқылымнан өтеді. Яғни, алғашқы екі оқылым ашық талқыланса,
үшінші оқылымда оның Конституцияға, еліміздің ұлттық заңдарына сәйкестігі
пысықталады. Осы тұста, лобби, жеке мүдде және мемлекеттік саясатқа керағар
ұсыныстарға толығымын тосқауыл қоямыз. Яки, арнайы енгізіліп отырған үшінші
оқылым негізгі әрі кәсіби сараптаманы арттыратын маңызды қадам болады.
Қолданыстағы Конституцияда Парламент палаталарының функцияларын сипаттайтын
13 тармақ болса, жаңа редакцияда 23 тармақ ұсынылған, яғни, өкілеттіктер көлемі
бір жарым еседен астам артады. Преамбулаға «мәдениет және білім құндылықтарын,
ғылым мен инновация жетістіктерін бағдарға ала отырып» деген мәтін қосылуы
ықтимал. Сондай-ақ жеке құпияға қол сұғылмаушылықты Негізгі заңға енгізу
ұсынылды. Конституциялық комиссия бұл өзгерістерді егжей-тегжейлі талқылайды.
Содан соң, референдумға шығарады. Ұсынылып отырған өзгерістер Құрылтайдың
мәртебесін айқындап, билік жүйесіндегі рөлін күшейте түседі дейді мамандар. Конституциялық
реформалар жөніндегі комиссиясының 4-отырысы 28 қаңтарда өтеді.

