Былтыр отандық мамандар 214 нысанда 27 аудиторлық іс-шара өткізді. Жалпы тексерістердің қорытындысы бойынша бюджетке 135 млрд теңге қайтарылды. Бұл 2023 жылы өтелген қаржыдан бес есе артық. Бұл жөнінде бүгін Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Қазақстан Президентіне баяндады. Әлихан Смайыловтың айтуынша, құрылыстағы баға қалыптастыру, өңдеу өнеркәсібі жобаларын қаржыландыру және ауыл шаруашылығын субсидиялау ісінде олқылықтар үнемі байқалады. Ведомство барлық анықталған олқылықтарды жою үшін Үкіметке ұсыным беріп, жауапты мемлекеттік органдарға нұсқама жолдаған. Биыл елімізде 40-тан астам аудиторлық тексеріс жүргізу көзделіп отыр.
Әлихан Смайылов, Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы:
- Соның ішінде Солтүстік Қазақстан, Жамбыл облысы, Қостанай облысы және Алматы мен Астана қалаларының жергілікті бюджетінің шығыстарына аудит жүргізу. Сонымен бірге «Самұрық-Қазына» қорында, Төтенше жағдайлар министрлігінде, KEGOC компаниясында, «Қазатомөнеркәсіп» компаниясында және қорғаныс, білім беру, ғылым, спорт сияқты салаларда аудит жіргізілетін болады. Мемлекет басшысы осы жұмысты ары қарай жалғастыруды және мемлекеттік бюджеттен шығарылатын қаражатқа бақылауды күшейту бойынша тиісті тапсырмаларды берді.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

