Қазақстан Президенті екінші «Орталық Азия – Ресей» саммитіне қатысты

Қазақстан Президенті екінші «Орталық Азия – Ресей» саммитіне қатысты

Қазақстан Президенті Тәжікстанда екінші «Орталық Азия - Ресей» саммитінде көпжақты ынтымақтастық аясын кеңейтудің өзекті бағыттарын айқындады. Қасым-Жомарт Тоқаев қарқынды дамып келе жатқан өңірдің әлеуетін әлем мемлекеттері мойындап отырғанын атап өтті. Сәйкесінше, С5+ форматындағы келіссөздерге қызығушылық артып келеді. Ал үш жыл бұрын Астанада өткен «Орталық Азия - Ресей» бірінші форумы аймақ елдерінің Ресеймен өзара ықпалдастықтың жемісті бастауы болды. Жоғары деңгейдегі жаңа кездесу арадағы серіктестікке тың серпін бермек. Орталық Азияның Ресеймен сауда көлемі барлық тауар айналымының үштен бірін құрайды. Өткен жылы бұл көрсеткіш 20% өсіп, 50 млрд доллардан асты. Аталған көлемнің жартысынан көбі Қазақстан мен Ресей арасындағы саудаға тиесілі. Өзара алыс-беріс 28 млрд долларға жетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ресей Қазақстан экономикасына қаржы құйған ірі инвесторлардың қатарына енді. Инвестиция көлемі 26 млрд доллардан асты. Былтырдың өзінде Ресейден тікелей келетін инвестиция ағыны 33% ұлғайып, 4 млрд аса долларға көбейген. Оған өнеркәсіп кооперациясын жедел дамыту мүмкіндік берді. Жалпы құны 21 млрд долларды құрайтын 114 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Қазіргі уақытта 33 жоба бойынша жұмыс жүріп жатыр. Оның инвестиция көлемі 4,5 млрд астам долларды құрайды.

Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығындағы бірлескен жұмыстардың мүмкіндігі көп екенін мәлімдеді. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев астықты терең өңдеудің бірлескен кластерін құруды ұсынды. Бұл қосылған құны жоғары өнімдер шығаруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Президент көлік-логистика байланыстарын нығайтуды тағы бір маңызды бағыт ретінде атады. Қазақстан аумағы арқылы 11 халықаралық көлік дәлізі өтеді. Оған Азия мен Еуропа арасында құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 85% тиесілі. Соңғы 15 жылда салаға 35 млрд доллардан аса қаржы жұмсалды. Ресейден Орталық Азияға Қазақстан арқылы темір жолмен жүк транзиті 26% артты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Ресейлік және түрікмен серіктестерімізбен бірлесіп «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің шығыс тармағын дамытамыз. Бүгінде бұл бағытта тасымал көлемі айтарлықтай ұлғайғанын көріп отырмыз. 2027 жылға қарай аталған көлік жолының өткізу мүмкіндігін еселеу жоспары тұр. Былтырғы қорытынды бойынша ондағы жүк тасымалы 2,5 млн жуық тоннаны құраған. «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізінің шығыс тармағын инвестициямен және инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша бірлескен бағдарламаны іске қосу бағдардың әлеуетін толық ашуға әрі қажетті қаржыны тартуға септігін тигізер еді.

Энергетика саласындағы ықпалдастықтың әлеуеті өте жоғары. Осы орайда «Росатом» компаниясының қатысуымен Қазақстанда алғашқы АЭС салу стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтереді. Президент елімізде Ядролық отын циклі және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы өңірлік құзыретті кеңес құруды ұсынды. Цифрлық саладағы әріптестіктің де әлеуеті зор. Экологиялық бастамаларда да күш біріктірген абзал. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Экология мәселелері жөніндегі Ресей және Орталық Азия елдерінің министрлер кеңесін бекітуді алға тартты. Бұған қоса, мемлекет басшысы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, терроризм, есірткі айналымына, киберқылмыстарға қарсы күрестегі серіктестікке де тоқталды. Ол бұл ретте, Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының бірлескен жұмысын «Орталық Азия – Ресей» форматында жалғастыру маңызды деп санайды. 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?