Қазақстан мен Сингапур Жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Келісімге сәйкес, алдағы уақытта қазақстандық зерттеушілер мен ғалымдар аталған елде оқу мүмкіндігіне ие болады.
Бұл динамика басқа да бірқатар құжатты қабылдау, соның ішінде Наньян технологиялық университетімен Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою арқылы жалғасады. Меморандум Қазақстан үшін маңызы зор су ресурстарын басқару саласындағы ынтымақтастыққа бағытталған. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Сингапур ректорларының форумында мәлімдеді.
Айта кетейік, осы күнге дейін 72 отандасымыз Сингапурда «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алған. Аталған бағдарлама жүзеге асырыла бастағаннан бері 12 мыңнан астам қазақстандық студент әлемнің үздік университеттерінде білім алу мүмкіндігіне ие болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Әлі де көптеген қазақстандық студент сіздердің ғажап елде тәжірибе алмасу, білім алу мүмкіндігіне ие боларына сенімдімін. Жыл сайын біз зерттеу жұмыстарын жүргізуге 500 стипендия бөлеміз. Сингапурға келетін қазақстандық ғалымдар санының көбейе түскенін қалаймыз. Білім мен ғылым – прогресс пен инновацияның негізі. Осы салаларға көңіл бөле отырып, біз еліміздің болашағына инвестиция құямыз. Сингапурмен арадағы серіктестік халықаралық ынтымақтастықтың дамуға және халықтарымыз үшін мүмкіндіктерге жол ашуға ықпал ететінін көрсетеді.