Қазақстан мен Жапония «жасыл» технологиялар саласындағы
ынтымақтастық аясын кеңйтуде. Астанада көміртегі шығарындыларын азайту және
қоршаған ортаны қорғауға бағытталған күн шығыс елінің инновациялық әзірлемелері
таныстырылды. Бұл күн және желден қуат өндіру, көміртегі кредиттері мен биоэнергетика
салаларындағы тың шешімдер. Елордалық алаң мемлекеттік құрылымдар, бизнес және
жапон компанияларының өкілдерінің басын қосты. Қатысушылар қазақстандық нарықта жаңа
технологияларды енгізу және сауда мен инвестициядағы ықпалдастық әлеуетін
арттыру мәселелерін талқылады. Токио губернаторы Юрико Коикэ Қазақстан
астанасының даму қарқынын, жас кәсіпкерлердің белсенділігі мен жоғары
технологияларды енгізу бағыттарын жоғары бағалады. Ол жаһандық сын-қатерлерге бірлесіп жауап беру
әлеуетіне жіті тоқталып, қазақстандық компанияларды келесі жылы SusHi Tech
Tokyo халықаралық стартап-конференциясына қатысуға шақырды.
Мұрат
Карымсақов,
Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы:
– Қазіргі таңда Қазақстанға не қызықты? Бұл негізінен
«жасыл» энергетика, атом энергетикасы саласындағы тың технологиялар. Бүгінде
басты міндеттердің бірі - инфрақұрылым, көлік, логистиканы дамыту. Біз осы аса
маңызды бағыттарда жапон компанияларымен белсенді өзара іс-қимыл жасап,
сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастық аясын одан әрі кеңейте аламыз.
Морихару Окано, Токио Үкіметінің ынтымақтастық және өнеркәсіптік саясатты ілгерілету жөніндегі аға директоры:
- Бүгінгі ұсынылған компаниялар - экология саласындағы
жаһандық трансформацияға, яғни «жасыл» энергетиканы дамытуға және көміртегі
қалдықтарын азайтуға бағытталған Global South жобасы аясында жұмыс істейтін
стартаптар. Олардың бірі дронды пайдалану арқылы логистикамен айналысады. Бұл
жоба отын шығынын және пайдаланылған газдар шығарындыларын қысқартуға,
сондай-ақ көлік кептелістерін айналып өтіп, жеткізілімдерді жылдамдатуға
мүмкіндік береді. Ал енді бір компания жел электр станциялары үшін жабдықтар
өндіріп, жаңартылатын энергетиканы дамытуға үлес қосады.

