Астанада Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысы өтті. Оны Қазақстан Президенті ашты. Мемлекет басшысы өз сөзінде жасанды интеллектіні дамытпай, жаһандық бәсекеге төтеп беру мүмкін еместігін еске салды. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Цифрлық жүйелер мен нейрожелілер егемен ел болудың кепіліне, экономикалық дамудың қозғаушы күшіне айналды. Мемлекет басшысы бұл ретте AI технологияларын білім беру саласына қарқынды түрде кеңінен енгізу қажет деп санайды. Ал, біліктілігі жоғары IT-мамандарды даярлау үшін бірінші кезекте елімізде жасанды интеллект саласына маманданған зерттеу университетін құру қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Оқу орнына арнайы мәртебе берген жөн. Сондай-ақ бұл жұмысқа әлемдік үздік оқу орындарын серіктес ретінде тарту қажет. Үкімет жыл соңына дейін осы мәселе бойынша нақты ұсыныс беруге тиіс. Осындай жаңа оқу орны бізге не үшін қажет деген сауал да туындауы мүмкін. Басты мақсат – экономиканың барлық саласына жасанды интеллект технологиясын енгізетін білікті мамандарды даярлау. Зерттеу университеті ғылым-білім, инновация және халықаралық байланыс орталығы ретінде жұмыс істеуі керек.
Бұл ретте бүгінде Қазақстанда 79 университетте ІТ мамандығы бойынша 63 мыңнан астам студент оқып жатқанын айта кету керек. Биыл елімізде AI-Sana бағдарламасы іске қосылды. Осы жоба аясында 440 мыңнан астам студент жасанды зейін бағыты бойынша арнайы сертификатқа ие болды. Сондай-ақ ЖОО-да АІ жөніндегі ғылыми-зерттеу орталықтары жұмыс істейді. Бұл аздық етеді. Мемлекет басшысы мамандар тек жекелеген университеттерде білім алатынына назар аударды. Бұл ретте дербес оқытуға басымдық берілуі тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жасанды интеллект негізінде құрылған білім жүйесінде әр оқушының қарым-қабілетіне сәйкес жеке оқыту бағдарламасын әзірлей аламыз. Соның нәтижесінде жастардың әлеуеті мен оқуға ынтасы артады. Халықаралық тәжірибеде мұндай сәтті мысалдар жеткілікті. Мәселен, АҚШ-та DreamBox және Knewton сияқты білім беру платформалары математика курсын әр оқушыға бейімдеп оқытады. Оңтүстік Кореяда жасанды интеллектіні тіл үйрену үшін қолданады. Қазақстанда да мұндай тәсілге жүгінудің айрықша маңызы бар.
Қасым-Жомарт
Тоқаев Үкіметке жаңа жасанды интеллект университетімен интеграцияланған
оқушылардың ұлттық цифрлық профильдер жүйесін құруды тапсырды. Жүйе
студенттердің қызығушылығы мен қабілеттерін анықтауға септеседі. Сандық
технологиялардың дамуымен еңбек нарығы да өзгеруде. Сондықтан Президент
қазірдің өзінде жұмысшыларды қайта даярлау үшін АІ платформасын іске қосуды жүктеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні енгізу барысында
оның қауіп-қатерлерін қаперден шығармауды ескертті. Сондықтан Үкімет
мемлекеттік стандарттарға сәйкес келетін контент жасауға мүмкіндік беретін
ұлттық білім беру платформасын әзірлеуі тиіс. Отырыстан кейін Мемлекет басшысы
цифрлық шешімдер көрмесін аралады. Онда отандық жетекші компаниялардың АІ
саласындағы тың жобалары ұсынылған.

