Олжас Бектенов Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен барды

Олжас Бектенов Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен барды

Премьер-Министр Олжас Бектенов Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында Президенттің Жолдауын іске асыру барысын тексерді. Атап айтқанда, Бадамша ауылындағы бірқатар нысандарды көріп, энергетика секторындағы инфрақұрылымдық мәселелерді шешу жұмысымен танысты. Үкімет басшысына «Бадамша», «Бадамша-2» ЖЭС-нің жұмысы туралы баяндалды. Жобаны іске асыруға 69 млрд теңге жеке инвестиция салынды. Қазіргі уақытта аталған турбиналар Қазақстандағы ең ірісі саналады. Станция жылына 195 ГВт сағат  электр энергиясын өндіреді. Олжас Бектеновтың айтуынша, бүгінде «жасыл энергетика» еліміздегі жалпы электр энергиясы көлемінің 6% қамтамасыз етеді. Алайда энергетика секторының 70% жуығы көмір электр стансаларына тәуелді. Премьер-Министр ұзақмерзімді энергетикалық тұрақтылық үшін елімізге энергияның орнықты баламалы көзі қажет екенін атап өтті. Алдағы референдумда халық АЭС құрылысын қолдаған жағдайда, атом энергетикасын дамыту елімізді тұрақты, әрі экологиялық таза энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін түсіндірді.