Бүгін
Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Ресей Президенті Владимир Путиннің
Қазақстанға мемлекеттік сапары басталады. Оның қарсаңында ресейлік «Известия»
қоғамдық-саяси басылымында Мемлекет басшысының мақаласы жарық көрді. Онда
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасы – берік әрі мызғымас
достықтың шынайы көрінісі екенін
атап өтті. Стратегиялық серіктестік пен одақтастық тығыз астасып жатқан тарихи және мәдени байланыстарға, сондай-ақ,
қос халықтың болашағына қатысты ортақ жауапкершілікке негізделген. Екі елдің
үкіметтері мен бизнес өкілдерінің күш-жігерінің арқасында сауда-экономикалық
өзара іс-қимыл қарқынды дамып келеді. 2023 жылы Ресей компаниялары Қазақстанға
3 млрд доллардан астам
инвестиция салды. Қазақстан да Ресей экономикасына осынша мөлшерде қаржы
құйды. Мақалада сондай-ақ Қазақстан мен Ресейдің түрлі
салаларда бірлесіп жұмыс істейтіні
айтылған. Осыған дейін жалпы құны 18 млрд доллардан асатын 90-нан астам жоба іске қосылды. Қазір 49 жоба
жүзеге асырылу сатысында. Қасым-Жомарт
Тоқаевтың айтуынша, Ресей президентімен алдағы кездесу барысында кең ауқымды
мәселелер талқыланады.
«Казахстанская правда» газетінде В.Путиннің мақаласы жарияланды
Ресей Президентінің де мемлекеттік сапары қарсаңында «Казахстанская правда» газетінде мақаласы жарияланды. Онда Владимир Путин тараптардың серіктестігі достық, тату көршілік және өзара көмек дәстүрлеріне сүйеніп, барлық салада белсенді түрде дамып келе жатқаны туралы жазды. Бұған екі жақты тауарайналымының жоғары көрсеткіштері дәлел болады. Мәселен, былтыр бұл салада жаңа рекорд орнап, 28 млрд доллар деңгейінен асып түсті, ал 2024 жылдың 9 айында 20 млрд долларға жетті. Владимир Путиннің айтуынша, екі елдің компаниялары бірқатар ірі бірлескен жобаларды жүзеге асыруда. Бұл Ресей мен Қазақстанның экономикаларын кешенді жаңғыртуға және технологиялық егемендігін нығайтуға ықпал етеді. Владимир Путин сондай-ақ «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бірегей технологиялары бар және Қазақстан тарапымен жаңа ауқымды жобаларға дайын екенін атап өтті. Мақала соңында Владимир Путин Ресей біздің республикамызбен көпжоспарлы достық және одақтастық қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға дайын екенін атап өтті.
Авторы: Әсел Күшенғалиева

