Қазақстанға Харбинде өтіп жатқан қысқы Азия
ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің алғашқы легі оралды. Алматы
әуежайында оларды туған-туыстары, бапкерлері және жанкүйерлері қарсы алды. Қытайдан
алғаш болып келген спортшылардың қатарында жұптық сында фристайл-акробатикадан
тарихи алтын медаль иегерлері Шерзод Хаширбаев пен Роман Иванов болды. Сондай-ақ,
аспан асты еліндегі құрлықтық додада фристайл жарыстарының өзге де түрлері
бойынша жүлдеге іліккен Аяна Жолдас, Асылхан Асан, Ардана Маханова және конькишілер
Кристина Силаева мен Евгений Кошкин де елге оралды.
Шерзод Хаширбаев, 2025 жылғы IX қысқы Азия ойындарының чемпионы:
- Болашақ жоспарым – лицензия алып, Олимпиада ойындарын бағындыру. Қарсыластар өте мықты болды. Қытай құрамасы осы спорт түрінің үздік өкілдері. Олардың қатарында Олимпиада чемпионы Ци Гуанпу да болды. Онымен бір алаңда бәсекеге түсіп, синхронды секіруден алтын медаль иелену, мен үшін зор мәртебе.
Евгений Кошкин, 2025 жылғы IX қысқы Азия ойындарының күміс жүлдегері:
- Үйге оралдым. Енді аздап демалып, күш жинап аламын. Бір аптадан кейін бізді Әлем кубогының келесі кезеңі күтіп тұр. Ол жарыстан кейін тағы бірнеше сайыс, сондай-ақ, әлем чемпионаты өтеді. Жазда қарқынды дайындық жасау керек. Енді келесі олимпиада ойындарына жолдама алу үшін бар күш жігерімді саламын.
Бүгінгі таңда Қазақстан құрамасының қоржынында Азия
ойындарының 18 медалі бар. Қанжығаға үш алтын, сегіз күміс және жеті қола жүлде
түсті. Айта кетейік, фристайл-акробатика мен шорт-тректен ерлер командалары,
сондай-ақ, биатлоншы Владислав Киреев өз сындарында топ жарды.
Авторы: Жеңіс
Ермұқанов

