Цифрландыру, энергетика, өнеркәсіптік кооперация, көлік және логистика, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстар. Қазақстан Президенті Әзірбайжанның Габала қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының ХІІ саммитінде өзара ынтымақтастықты күшейтудің маңызды бағыттары туралы айтты. Ең бастысы – ортақ мүдде жолында күш жұмылдырып, халықаралық алаңда Ұйымның беделін асыратын әлеуетін дамыту. Сондықтан Қазақстан ынтымақтастық аясын кеңейтуге бағытталған «Түркі мемлекеттері ұйымы+» форматын құру идеясын қолдайды. Қасым-Жомарт Тоқаев ірі жобаларды бірге жүзеге асыру үшін Түркі инвестициялық қорының мүмкіндіктерін пайдалану қажет деп санайды. Мемлекет басшысы ол арқылы қаржыландыратын нақты жобалардың тізбесін қалыптастыруды ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Өнеркәсіп саласындағы ықпалдастық елдеріміздің экономикасын әртараптандыру ісінде маңызды рөл атқарады. Осы орайда, Түркі сауда-өнеркәсіп палатасының әлеуеті зор деп есептейміз. Келесі жылы осы палатаға Қазақстан төраға болады. Бұл бағытта біз нақты жобаларға басымдық беретін Өнеркәсіптік кооперация бағдарламасын қабылдауды ұсынатын боламыз.
Транскаспий халықаралық көлiк бағыты Ұйым мемлекеттері
алдында үлкен мүмкiндiктер ашады. Соңғы бес жылда Орта дәліз арқылы
тасымалданатын жүк көлемі 6 есе ұлғайды. Мемлекет басшысы түркі елдерін бағыт
бойындағы әуехабтарды, теміржол бекеттері мен теңіз порттары инфроқұрылымын
жаңғырту ісіне белсене атсалысуға шақырды. Қасым-Жомарт Тоқаев осы орайда Жасанды интеллект технологиясын
пайдалану тиімді болатынын тілге тиек етті. Ол үшін Ұйым аясында арнайы Цифрлық
мониторинг орталығын құру мәселесін талқылауды ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Жуырда Астанада Alem.AI жасанды интеллект орталығы ашылды. Соның негізінде Түркі мемлекеттері ұйымының Цифрлық инновациялар орталығын құруды ұсынамыз. Бұл Орталық стартаптарды қолдап, бірлескен жобаларды дамытуға жол ашады. Жасанды интеллект саласында тәжірибе алмасуға және венчурлік капитал тартуға мүмкіндік береді. Сондықтан келесі жылы Қазақстанда өтетін Ұйымның бейресми саммитін «Жасанды интеллект және цифрлық даму» тақырыбына арнауды ұсынамын.
Энергетика – түркі елдері экономикасының тірегі, стратегиялық әріптестігтің
негізін қалайды. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев жаңартылатын
энергия көздері бойынша ынтымақтастыққа айрықша назар аудару қажет екенін алға
тартып, Түркі мемлекеттері ұйымы
аясында Энергия тиімділігі жөніндегі озық тәжірибе кеңесін құруды ұсынды. Саммитте экология мен су тапшылығы мәселелері де назарсыз қалмады. Қазақстан
Президенті түркі мемлекеттерін Каспийдегі жағдайды жақсарту бойынша күш-жігерін
біріктіріп, бірлескен жобалар әзірлеуге шақырды. Бұл ретте суару жүйелерін
сандық бақылау және су қоймаларын тиімді пайдалану жөніндегі бірлескен
бағдарлама қабылдауды ұсынды. Саммит қорытындысы бойынша Габала декларациясына
қол қойылды.

